- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Логотип астарында қандай...
Логотип астарында қандай сыр жатыр? #2
Әр белгінің астарында белгілі бір ой немесе тарих жататыны анық. Ірі сауда үйлерінің, алпауыт компаниялардың да логотиптерінде құпия мағына болады. Өткен жазбамыздан компания логотиптерінің бейтаныс кемеге, бала кездегі арманға байланысты туғанын білдіңіздер. Бүгінгі жазбамызға да танымал логотиптердің әсерлі уәжі себеп болып отыр. Логотип тарихтарымен таныс болыңыздар.
Халық арасында «сары бәтеңке» аталып жүрген Timberland фирмасының белгісінде америкалық емен бейнеленген. Оның себебі мынада: Натан Шварц бұл фабриканы сатып алып, ағаш кесушілерге арналған аяқ киім жасаған екен. "Логотиптегі еменнің уәжі түсінікті, ал сары түс ше?" деп ойлаған боларсыздар? Ағаш кесіп жатқан жұмысшылар аяқтарына бөрене түсіріп алмасын деп, қауіпсіздік үшін аяқ киімдерге сары түсті өң берген екен. Және де Timberland сөзінің құрамындағы «timber» – ағаш, ал «land» – жер деген мағына береді. Яғни, алғашында ағаш кесушілерге арналған аяқ киім кейін сәнге айналған екен.
Дизайнер Кельвин Кляйннің бала кездегі арманы 1968 жылы орындалған: ол ізденімпаздығының арқасында Calvin Klein компаниясын құрған. Компанияның логотибі де сол жылы таңдалғанымен, белгілі бір себептермен отыз жыл бойы жарияланбаған екен. Тек отыз жылдан соң, компания джинсы үлгілерін бренд логотибімен шығара бастады. Киімдердің артқы қалталарында CK деген екі әріп бейнеленетін. Кейін, бұл логотип киім үлгілеріне байланысты түсін өзгертіп отырды. Мысалы, қара түсті логотип ерекше сәнді көйлектерді білдірсе, сұр түсті CK логотибі күнделікті киімдерде, ал ақ логотип спорттық киімдерде бейнеленген екен.
Fred Perry - спорттық киімдер шығаратын америкалық компания. Оның негізін қалаған - атақты теннисші, Уимблдон турнирінің үш дүркін жеңімпазы, Дэвис Кубогының иегері Фред Перри. Компаниясының логотибін таңдауда теннисші біраз ойланады. Фред шылымды көп шегетін, cондықтан, «образыма лайықты» деп танып, алғашында мүштіктің (шылым трубкасы) суретін эмблема ретінде ұсынады. Алайда, оның аустриялық серіктесі Тибби Вэгнер бұл идея нәзікжандылар қауымына ұнамауы мүмкін деп, Фрэдтің бұл ойынан айнуына ықпал етеді. Вэгнердің өз ұсынысы болатын: Фредтің пенжагында бейнеленген Уимблдон клубының символы лавр гүлтәжін логотип жеңіс мағынасын беретінін айтады. Содан соң, Фред Уимблдон клубының директорына байланысқа шығып, бұл ұсынысқа пікірін біледі. Ал клуб директоры белгілі теннисшінің клуб символын логотип есебінде қолданатынына қуанып, ризашылығын білдіреді. Міне, осыдан кейін жеңіс символы – лавр гүлтәжі Fred Perry-дің киімдерінде бейнеленіп жүр.
Burberry Prorsum брендінің тарихы 1856 жылдан бастау алады. Бұл жылы британдық Томас Барберри (Thomas Burberry) Бейзингсток қаласында T. Burberry and Sons атты өзінің алғашқы киім дүкенін ашады. Оның елге ұсынған киімдері өте сапалы болса керек, тіпті әскерилер арнайы тапсырыспен тіктіріп, уақыт өте келе әскери стильдегі күрте, пальто сияқты қалың киім тігіп, сата бастапты. Өз компаниясының логотибін араға 45 жыл салып, 1901 жылы ұсынған. Томас ат үстінде қалқанмен қорғанып, бір қолына Prorsum деген жазуы бар ту көтеріп, шауып келе жатқан рыцарь бейнесін таңдайды. «Prorsum» сөзі латын тілінен аударғанда «Алға!» деген мағынаны білдіреді екен.
Италиялық Versace компаниясының логотибі көне грек мифологиясымен байланысты. Логотипте бейнеленген сұлба - «Одиссей» аңызындағы жылан шашты Горгона Медуза есімді әйелдің бейнесі. Аңыз бойынша, Медузаға қараған адам тасқа айналған екен. Versace фирмасының негізін қалаушы Джанни Версаче (Gianni Versace) осындай аңыз, мифология, тарихи оқиғаларды зерттеген. Аңыз ішіндегі осы Горгона Медуза Версачені өз қаһарымен қызықтырған соң, компания логотибіне енгізіпті.
Сурет: img2.wikia.nocookie.net, data1.whicdn.com, peoples.ru, ideasevolved.com, dressbrands.ru
Е. Жұмабайұлы