- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Леонардо да Винчи...
Леонардо да Винчи көпірі Түркияда салынады
Иә, италияндық ұлы суретші-ғалым Леонардо да Винчидің жобасы арқылы Түркияның Стамбұл қаласында көпір салыну ұйғарылыпты.
Қызығы да сол, көпір құрылысына ақшаны мемлекеттік бюджет емес, өз қаласынан ұлы шебердің қолынан туған ғажайыпты көргісі келетін жеке кәсіпкерлер аударатын болды.
Стамбұл қаласының «Алтын Мүйіз» бұғазында салынатын көпірдің түпнұсқасын Леонардо да Винчи 1502 жылы сызған екен. Көпір қаланың оңтүстік және солтүстік бөліктерін қосатын аса маңызды өткел болмақ. Түркия премьер министрі Реджеп Тайп Эрдоған жаяу жүргіншілердің бұл көпірдің сұлулығына тамсанып өте алатынын және бұл көпірдің соғылуы атақты шебердің арманы болғанын айтып өтті.
Құрылыс пропорциясы да дәл сызбадағыдай болмақ. Оның ұзындығы – 220 метр, ал биіктігі – 25 метр, ені – 10 метр. Десек те, құрылыс басталуының нақты мерзімі көрсетілмеген. Екінші Рим саналатын әдемі әрі тарихи жерге көпір қақпасы әдемі жарасым табатынына түрік сәулетшісі Бюлень Гюнгер сенімді. Тек қана жаяу жүргіншілерге арналған көпір арқылы солтүстік бөліктегі тұрғындар «Қапалы шаршы» базары мен Египет сауда орталығына лезде бара алатын болады. Мұның үстіне, Византия және Осман ескерткіштерін де көруге әбден болады. Құрылыс материалы ретінде темір қолданылып, ал жол мүжілмеген тастан жасалады.
ИТАР-ТАСС агенттігінің ақпаратында Винчидің сызбалары алғашында Топқап сұлтан сарайының мұрағатынан табылғаны жазылған. Ұлы шебер арманы міне, 5 ғасыр өткен соң да орындалып жатыр...
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: cetki.com
А. Құлтай