Қыздың мумиясы зерттеліп жатыр

Қыздың мумиясы зерттеліп жатыр

Бүгінде әлемнің ең үздік деген ғалымдары инки тайпасынан шыққан қыздың мумиясын зерттеп жатыр. Олардың айтуынша, зерттеу нысанына айналған 14-15 жастағы бойжеткен осыдан 500 жыл бұрын құрбандыққа шалынған екен. Қыздың денесі бірнеше жыл бойы мұз құрсауында жатқан. Ғалымдарды оның өте жақсы сақталғандығы таң қалдырып отыр. Қасынан тағы да екі жастың денесі табылды: жеті жасар ұл мен алты жастағы қыз.

Дәстүрлі ДНК сараптамасының нәтижесінде қыздың туберкулез ауруын еске салатын өкпе ауруына шалдыққандығы анықталды. Мұндай жұқпалы індет алғаш рет мумиядан табылып отыр.

Жетідегі ұл баланың денесін зерттеу жұмыстары енді басталып отыр, ал кішкентай қызға найзағай түскендігі айтылып жатыр.

Ал мумиялардың өзі Аргентина мен Чилидің шекарасындағы теңіз деңгейінен 6739 метр биіктікте орналасқан Льюльяйльяко жанартауының бөктерінен табылған. 

Зерттеушілердің пайымдауынша, үш боздақты да құрбандыққа шалған. Олардың жандарынан табылған алтын, күміс, бағалы киімдер, тағам салынған табақтар, аты да, заты да беймәлім құстардың қанаттарынан жасалған тәждер бұл сөзіміздің дәлелі бола алады.


Олар өздерінің ерекше сұлулықтары үшін таңдалған. Сондай-ақ бала ерте замандардан-ақ бейкүнә жаратылыс иесі саналған.

Оларды құрбандыққа шалмас бұрын жылға жуық уақыт "дегдарлы" тағамдармен қоректендірген және ерекше күтім жасалынған көрінеді. Мумиялардың жатқан жерлерінен таутайлақтың (лама), жүгерінің, картоп секілді көкөністердің қалдықтарын көруге болады.

Суреттер:vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева