- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Қытайлық миллионер бұрынғы...
Қытайлық миллионер бұрынғы жерлестеріне тегін үй салып берді
Қытайлық 54 жастағы миллионер Сюн Шуйхуа өзінің кәсібін болат құю өндірісінен бастаған екен. Балалығында қатты мұқтаждық көрген Сюн өсе келе металлургия кәсібімен айналысып, адал еңбек етіп, тер төгіп, осындай деңгейге көтерілген.
«Ашта жеген құйқаңды тоқта ұмытпа!» деген өсиетті ұстанған қытайлық азамат өзі туып өскен ауылындағы үйлерді бұзып, бұрынғы жерлестеріне зәулім үй мен сарай салып берген. Ең бастысы, үйдің кілтін тегін табыстаған! Балалық шағында көп таршылық көргенде қол ұшын берген ауылдастарына алғысын осылай білдіргісі келіпті. Сюн Шуйхуаның жобасының арқасында Оңтүстік Қытайдың Ксинью атты елді мекенінің келбеті өзгерді. Айрықша жайлы жаңа пәтерлерге 72 жанұяны орналастырған. Ал, 18 отбасыға, миллионер, сәні мен салтанаты жарасқан сарай салып берген. Тағы бір айта кету керек жағдай, тұрғындарды үш мезгіл тамақтандыруды да Сюн өз мойнына алыпты. Осыған дейін елді мекеннің жолдары өте лас болыпты. Бұл жобаны қолға алған соң ауылды көгалдандыру мақсатында көшеттер отырғызылып, мүсіндер қойылып, балалар ойнайтын алаң мен мәдени орталық салынған.
Сюн кәсібінен осы жобаға жұмсаған қаржысынынан да көп ақша игерген көрінеді. Ол өзінің туған тамырын ешқашан ұмытпайтынын айтады. «Мен үнемі қарыздарымды қайтарып жүремін. Кішкентай кезімде маған және менің жанұяма көмектескен барлық адамдарға алғысымды айтып, борышымды өтегім келеді», - дейді Сюн. Ол бұл жобаға алты миллиондай АҚШ долларын жұмсаған екен. Кәсіпкер жаңарған ауылына үнемі келіп, қаражаты аз адамдар мен қарттардың еш нәрсеге мұқтаж болмауын қадағалайтынын айтқан.
Жергілікті тұрғындар Шуйхуаның бұндай қайырымды ісіне қуанып жүр. «Мен оның ата-анасын білемін, олар өте керемет жандар еді. Олардың бойындағы мейірімділік ұлдарына дарығанын көріп, қуанып отырмын»,- дейді сол ауылдың ақсақалы.
Бұндай қайырымды істі жасау үшін, ең бастысы, жүрек керек. Жай жүрек емес, мейірбандылық пен рақымдылық нұрына байыған жүрек. Қарттарға жәрдем беріп, бата алып, кішілерге демеу беріп, үлгі болатын ертеңгі ұрпақты тәрбиелеу керек болса, бүгіннен бастайық!
Сурет: mixstuff.ru
Е. Жұмабайұлы