- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Қытайда балық өсіру...
Қытайда балық өсіру шаруашылығы қашан пайда болған?
Дүниежүзіндегі ауланатын балық пен теңіз өнімдерінің 15 млн тоннасы қолдан өсіру – марикультура арқылы алынады. Қытай балықты қолдан өсіру бойынша әлі күнге дейін әлемдік біріншілікті бермей келеді. Бұған дейін балық өсіру шаруашылығы Қытайда 4 мың жыл бұрын пайда болған деп келдік. Жақында бір топ ғалымдар бұл мәліметті теріске шығарды. Халықаралық ғалымдар тобы Қытайда балық өсіру шаруашылығы 4 мың жыл емес, шамамен 8 мың жыл бұрын – неолит дәуірінде жолға қойылғанын мәлімдеді.
Қытай, Жапония, Ұлыбритания және Германия ғалымдары Қытайдағы Хэнань провинциясы Цзяху аумағындағы неолит дәуіріндегі қазба жұмыстары кезінде табылған балық сүйектерін зерттеген. Осыдан соң олар ежелгі Қытайда аква мәдениет осыдан 8 мың жыл бұрын жақсы дамығанын анықтаған.
Олар балықтарды аулап бір бөлігін жеген де, қалғанын қолдан жасалған өзендерде көбейту үшін баққан. Мұндай қорытындыға ғалымдар балық түрлерін зерттеу арқылы келген. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тоғандарда негізінен мөңке балықтар өсірген. Ал Цзяхудағы балық сүйектерінің басым бөлігі сазан балығына тиесілі.
Цзяхудағы балық өсіру шаруашылығы б.з.б 6200-5700 жылдары басталған. Қытайдағы аква мәдениет негізен жергілікті халықтың күріш өсіруі кезінде дамыған.
Т. Раушанұлы