Халықаралық экспедиция құрамында болған бір топ америкалық, австралиялық, қытайлық археологтар Шандунь провинциясында шамамен 120 миллион жыл бұрын жасаған 7 түрлі динозаврлардың 300-ге тарта ізін тапты. Линь университеті маңындағы геология және палеонтология институты директоры Ван Сиолиннің хабарлауынша осы уақытқа дейін бір ретте динозавр қалдықтары кездеспеген Шандуньда олардың іздерінің табылуы ғалымдарды таңғалдырған. Археологтар табылған іздерге қарап динозаврлар туралы кейбір мәліметтердің жаңсақтығына көз жеткізіп отыр. Себебі табылған іздердің негізгісі дейнонихтерге тиесілі боп (осыдан 121-98 миллион жыл бұрын жасаған кесірткіге ұқсайтын бойы 3,3-5 метр, салмағы 70 келі болатын жыртқыш диназаврлар түріне жатады) ғалымдар оларды жеке-дара өмір сүрген деп келген еді. Бірақ тастағы таңбалар дейнонихтердің топтанып өмір сүргенінен хабардар етуде.