Қытайлық дәрігерлер 48 жастағы әйелдің миынан ұзын ине тапты. Бұл туралы 24.kz порталы хабарлады.
Аньхой провинциясындағы Хуайбэй қаласының 48 жастағы тұрғыны Лю Као клиникаға келеді. Ол өмір бойы басы ауыратынын және күз мен көктемде қатты күшейетінін айтып шағымданады.
Бұрын оған дәрігерлер нақты диагноз қоя алмай, көптеген тыныштандыратын және ауыруды сездірмейтін дәрілер жазып беріп отырған екен. Алайда жақында Лю Каоның жарты денесі жансызданып қалғандықтан, оның ағзасын толық тексерістен өткізуге шешім қабылданады. Басында ақ халаттылар жүрек ауруынан күдіктенгенмен, ауру себебі мүлде басқа болып шықты.
Компьютерлік томографиядан өткеннен кейін әйелдің бас миында 5 сантиметрлі иненің тұрғандығын анықталды. Дәрігерлер ол ине әйелдің басында шамамен 46 жыл бойы жүргендігін айтты. Олардың пайымдауынша, ине Лю 2 жасқа толмаған шағында, бассүйегі әлі қатпаған кезде кірген. Әйелдің өзі иненің басына қайдан кіргенін білмейтіндігін айтты. Қазір дәрігерлер оны операцияға дайындап жатыр.