- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Қышқыл жаңбыр деген...
Қышқыл жаңбыр деген не?
"Қышқыл жаңбыр" немесе "қышқыл жауын", "қышқыл жауын-шашын" термині алғаш ХІХ ғасырда Англияда пайда болған. Алғашында мұны ағылшын ғалымдары байқаған, бірақ оны зиян деп жорамалдамаса керек. Тек ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана экология мен қоршаған ортаға орасан зор зиян әкелетіні сезілді.
Қышқыл жауын қалай пайда болады?
Қышқыл жауын дегеніміз – ауаға тараған көмірқышқыл газының, азот пен күкірттің жауған жауынмен бірге езіліп, жерге түсуі. Мұндай құбылыс бұрын табиғатта болмаған.
Еуропада өндірістік төңкеріс басталған кезде ғана сезіле бастады. Алғаш қышқыл жауын Англияның орталық – өндірісі дамыған өңірлерінде жауған. Жалпы, жауынның өзі қышқыл, тұзды келеді. Бірақ өндірістік қалдықтың жаңбыр суымен еріп жерге түсуі бұдан ащтырақ.
Ауадағы көмір қышқыл газы жаңбыр сумен еріген кезде көмір қышқылын (H2CO3) түзеді. Таза жаңбырдың су ерітіндісі – pH 5,6. Яғни, жер бетіндегі зауыт пен фабрикалардың барлығын жауып, көлік пен траснпортты тоқтатып тастасақ та, жауынның қышқылы (pH) 5-тен кем болмайды. Сол себепті қазір pH 5-тен кем жауынды ғана "қышқыл жауын" дейді.
Жаңбыр суын қышқылдандыратын әлемде екі өндірістік зат бар, олар:
- Күкірт оксиді. Жалпы, күкірт оксиді табиғатта, ауада көп тараған қосынды саналады. Табиғи жолмен тарауы да мүмкін. Мәселен, жаңартау атқылағанда, найзаған орнағанда тарайды. Бірақ қазіргі уақытта ауаға тараған күкірт оксидінің басым бөлігі мұнай, көмір, газ сынды табиғи қазбаларды жағудан шығып отыр. Жаңбыр жауған кезде күкірт оксиді еріп, күкірт қышқылын түзеді.
- Азот оксиді. Азот оксиді де табиғи түрде бөлінуі мүмкін. Мәселен, найзағай "ойнаған" кезде ауаға тараған азот оттегімен қосылып, азот оксидіне айналады. Сондай-ақ жанар-жағармайды жаққан кезде де ауаға тарайтын түтін – дәл осы азот оксиді. Ал ол жаңбырмен "қосылғанда" азот қышқылына айналы шыға келеді.
Қышқыл жауынның зияны
Қышқыл жауын табиғатқа қатерлі. Өсімдік пен топырақты улайды, адам денсаулығына зиян келтіреді. Әсіресе, топырақ қабатын қышқылдандырып, өсімдік, орман атаулыға қауіп төндіріп тұр. Мәселен, Германия мен АҚШ-тағы орман ағаштарының шіріп жатқаны да осы қышқыл жауын себепші.
Қышқыл жауын сәулет ескерткіштеріне де залал келтіретін көрінеді. Мәселен, Еуропадағы тарихи ғимараттардың көбі қышқылға төзімсіз. Уақыт өте келе, ғимараттардың келбеті солып, тұрқы "желіне бастайды".
Мұндай жауынды тоқтату үшін бірқатар шаралар қолдануда. Өндірістік кәсіпорындар мен электр станцияларының мұржаларына күкірт пен азотты сүзіп қалатын қондырғылар орнатылуда. Кейбір мемлекеттер көліктен шығатын газдың мөлшерін азайтуды қолға алуда.
Қ. Слямбек