- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Құстар неге жылы...
Құстар неге жылы жаққа ұшып кетеді?
Құстардың не үшін жылы жаққа ұшатынын түсіну үшін үш нәрсені қарастыруға тура келеді: бірі – құстар жылы жаққа қалай кетеді, екіншісі – құстардың жылы жаққа ұшуының себебі не, үшіншісі – құстардың жылы жаққа ұшу әдеті қайдан шыққан. Міне, осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.
Қалай ұшады?
Құстардың күзде жылы жаққа ұшып, көктемде қайтып оралатынын бәріміз білеміз. Көктемде құстар қайтып оралса, көңіліміз жайланады. Десе де табиғаттың мұндай заңдылығында қандай құдірет жатыр? Неге құстар жылы жаққа ұшып кетеді де, қайтып оралады? Бұл құбылыстың сыры неде?
Ең алдымен, құстардың жылы жаққа ұшуы – табиғатында, қанында бар дүние екенін ұғып алсақ... Мәселен, жылы жаққа ұшатын құстың бір балапанын қолға үйретіп, үйде торда ұстасаңыз, оның күзге таман мазасызданып, шала бүлініп, мезі болатынын көресіз. Ғалымдар мұны миграциялық кезең деп атайды. Яғни, құстар табиғи түйсігіне салып, күз түскенде, жылы жаққа ұшып кетуге асығып, тыпыршып тұрады. Кішкентай құстар, әсіресе, түнде қатты мазасызданады. Мұның себебі – кіші құстардың жылы жаққа түнде ұшатындығы. Бұл – тәжірибе жүзінде дәлелденген нәрсе.
Демек, жылы жаққа ұшу құстардың түйсігінде бар дүние деуге болады. Мұны дәлелдейтін тағы бір нәрсе – құстардың жылы жаққа арнайы бір бағытпен ұшатындығы. Әрі мұндай қабілет құс біткеннің бәрінде бар туабітті қасиет.
Құстардың жылы жаққа ұшуының үш бағыты бар. Бір топ құстар күннің бағытын бетке алып ұшса, енді бірі жұлдыз бен аспанды, ал үшіншісі магнит өрісін назарға алып ұшады. Мұндай білім – құстардың гені мен түйсігінде бар нәрсе. Яғни, жүре келе үйренетін дүние емес, әу баста болған ілім.
Неге жылы жаққа кетеді?
Сонымен, құстардың жылы жаққа кетуі құс атаулының қанына біткен қасиет екенін ұқтық. Енді құстар неге жылы жаққа ұшып кететінін түсінуге тырысайық.
Құстардың жылы жаққа ұшуының басты себебі – тамақ табу. Яғни, қыста тамақ табу қиын болғандықтан, жылы жаққа барып азықтануға тура келеді. Сондықтан ең алдымен құрт-құмырсқа, шыбын-шіркеймен қоректенетін құстар жолға шығады. Ал дәнді-дақылмен қоректенетіндері, көбінесе, «үйде қалады». Қарағай мен шыршаның дәнектерін жесе де, аш қалмайды.
Орта Азиядағы, оның ішінде, Қазақстандағы құстардың көбі Оңтүстік-шығыс Азияға, тропикалық ормандарға қарай ұщып кетеді.
Неге қайтып келеді?
Жалпы, құс атаулының шыққан жері – Африка мен оңтүстік-шығыс Азия. Осы өңірден шыққан құстар біртіндеп дүниежүзіне таралып, орныққан аймақтың климаты мен географиясына бейімделген. Құстардың жылы жаққа адаспай ұшып баруының сыры да осында – тарихи отанын түйсікпен танитындығында, тарихи жадында. Олар үшін Африка мен оңтүстік Азия – геолокация.
Хош, құстардың тарихи отаны Азия мен Африка болғанымен, олардың мекендеу ортасы – қазіргі тіршілік кешіп жатқан жері. Мәселен, Қазақстан өңірі. Ал олардың қысты Азия мен Африкада өткізіп, ал жазда Қазақстанға қайтып оралуының басты сыры – ұя салуы. Яғни, жыл құстары қазақ даласына келіп, ұя салып, балапан баптайды.
Ұя салатын жері осында болғандықтан, жылы жақтан қайтып келеді. Үй мен қораның үсті, ағаш пен тастың түбіне ұя салған құстардың жиі көретін едік қой. Тіпті, Төле би де ауыл көшкен кезде қарлығаштың ұясын бұзбау үшін көшпей қойған деседі. Қазақ халқы ұя салған құсты құрметтеп, оның ұясына қол салмаған. Ұясын бұзса, құс қайтып келмей қояды деп сенген. Халқымыз жыл құстарының не үшін қазақ даласына қайтып оралатынын ежелден білсе керек.
Ал жылы жақтың құстары суық өңірден ұшып келген құстарға ұя тұрғызуға мүмкіндік бермейді. Тропикалық жылы орманға жем іздеу үшін барған құстардың қайта қайтып келуіне түрткі болатын – тропикалық құстардың әлімжеттігі десек болады.
Қ. Слямбек