Ғаламда қанша галактика бар екенін ғалымдар дөп басып айта алмайды. Болжам бойынша, шамамен екі триллионнан астам галактика бар екен. Оның қатарында Құс жолы да бар.
Кейбір ғалымдар ғаламда тіршілік етуге қолайлы планеталар бар деп топшылайды. Өйткені Күн секілді жұлдыздар жетерлік. Ал оны айнала ұшқан ғаламшарлардың біреуінде тіршілік көзі болуы мүмкін.
NАSА обсерваториясы 2009 жылы 7 наурызда ғарыш айлағына жіберген "Кеплер" телескобы 2018 жылы жұмысын мәңгі тоқтатты. Оның жанармайы таусылған екен, оның үстіне жиі істен шығатын болған. Бірақ "Кеплердің" астрономиядағы еңбегі ерен. Ол әлі нақтыланбаған экзопланеталарды есептемегенде Күн жүйесінен тыс 2681 планетаны анықтаған. Құрылғы аспан әлемінің 0,25% зерттеп үлгерген.
Құс жолында тіршілік етуге қолайлы ғаламшарды іздеумен айналысатын ғалымдар алдымен Күнге ұқсас жұлдызды анықтауға тырысты. Дәлірек айтқанда, беткі қабатының температурасы Цельсий бойынша 4500-6000 градус аралығында болатын қызыл жұлдыз қажет еді. "Кеплер" анықтаған ғаламшарлардың көбі өз жұлдызынан тіршілік етуге қолайлы қашықта орналасқан. Ол планеталарда температура тым ыстық та, суық та емес. Ал сырт келбеті мен мөлшері барынша Жерге ұқсас.
Осы ерекшеліктерді ұстана отырып, "Кеплер" телескобы тек Құс жолында Күнге ұқсас 300 миллион жұлдызды тапқан. Олардың әрқайсында тіршілік болуы мүмкін. Бұған қоса ғалымдар 3-4 қызыл жұлдыз Жерден "бар болғаны" 30 жарық жыл қашықта екенін анықтаған. Ғалам бірлігімен алып қарағанда бұл аса алыс қашықтық емес.