Құралай салқыны

Құралай салқыны
Фото: vk.com

Алматыға көктем ерте келетіні рас. Ұлан ғайыр Қазақстанның өзге аймақтары қыстан енді шығып жатқанда, оңтүстік жұртшылығы жазғы киімге ауысып алады. Десе де қазіргідей мамырдың орта тұсынан бастап жеңіл киімдінің бәрі аһылап-үһілеп, тұмауратып қалады. “Жаз келгенде салқындағаны несі?” – дейтіндер де бар. Бұған себеп жастар мен қала тұрғындары арасында “Құралай салқыны” ұғымының ұмытылып бара жатқаны болса керек. Әйтпесе жаз әбден өз тағына отырмай, халық жылы киімін тастамаған.

Құралай салқыны деген не?
Қазақ халқы мамыр айының екінші жартысында орын алатын 2-3 тәуліктік күн суытуын “Құралай салқыны” деп атаған.

Аталу себебі қандай?
Қариялардың аузынан оқтын-оқтын естіп қалатын бұл атау қазақ халқы үшін қашан да киелі саналған киіктердің төлдейтін мезгіліне байланысты аталып кеткен. Құралай – киіктің төлі.

Ауа райы қалай өзгереді?
Құралай салқыны кезінде күн түнеріп, таулы-төбелі жерге қарай бұлт үйіріледі. Мұндай қолайсыздық бір жетіге не оншақты күнге созылады. Осы кезде төлдеуі жақындаған қоңыр аңдар бұлт үйірілген жерлерге топтасатын көрінеді. “Киік лақтаған жерге найзағай ойнайды” – деп отыратын қариялар, бұл да қоңыр аңдар күннің көзінен таса жерге төлдейтініне байланысты болса керек. Бір ғажабы, киік қанша көп болса да, олар 2-3 күн ішінде түгелдей төлдеп үлгереді екен. 

Күннің суытып, жел тұруының ықпалы?

Киік төлдеген кезде күннің суытуы құралайдың аяқтануына тікелей әсер етеді. Жаңа туған төл жердің қара суығына шыдамай, тез тұрып кетеді екен. 

Желдің де өзіндік функциясы бар. Киік өзге төртаяқтылар секілді шуын жалап түсірмейді. Жануар желге қарсы жүргенде бұл үдеріс табиғаттың ықпалымен жүзеге асады.

Дала тағыларының тәбеті жойылады 
Құралай салқынының тағы бір ғажабы, даланың нәзік еркелеріне сондай құмар жыртқыштардың дәл осы “Құралай салқыны” кезінде тәбеті қашып, етке жақындай алмай қалады екен. Құралайлар аяғынан тұрып кеткен кезде ғана жыртқыштардың етке деген тәбеті қайта оралады.

Құстардан түйе­табан қорғайды 
Бұл аз күннің қасиетін білдіретін тағы бір жағдай бар. Біздің далада өсетін түйетабанды да тек осы кезеңде көруге болады. Кереметтігі сонда, оның үлкен қызғылт жасыл түсті жапырақтары жаңа туған құралайды жасырып тұрады екен. Яғни, қырағы бүркіттердің өзі табиғаттың қорғауында жатқан құралайды көре алмайтындай жағдай туғызады. 

Кие
Қазақ даналығы ғасырлар бойғы өмір тәжірибесінен жинақталған. Киікті қасиетті деп бағалауы да себепсіз емес. Жануар төлдейтін уақытта Табиғат-Ананың өзі амал жасайтыны сол киенің белгісі емес пе?!

А. Оралқызы