Мачу-Пикчу - тарихы тереңде жатқан құпияға толы қала. Ол әлемнің 7 кереметінің бірі саналады.
Бұл қаланың соңғы тұрғындары қашан өлгені әлі күнге дейін жұмбақ. Алайда олардың 300 жыл бойы Перу тауларының бөктерінде өмір сүргені белгілі. Мачу-Пикчу сөзі "ескі тау" деген мағынаны білдіреді. Қала халқы Перудегі көп таулардың бірінде қоныстанған.
XVI ғасырда Перуді жаулап алған испандықтар да, Мачу-Пикчуде тұрған инк тайпалары да қала туралы ешқандай мәлімет қалдырмаған. Бұл көне қала тек XX ғасырдың бас кезінде табылды.
Әлем археологтарының арасында инктердің құпия қаласы туралы алып-қашпа әңгіме көп тарайды. Сол себепті америкалық Хайрем Бингем бұл қаланы зерттеуге бел байлайды. Арада бірнеше жыл өткен соң, 1911 жылдың 24 шілдесінде археолог діттеген мақсатына қол жеткізеді. Тарихқа көз жүгіртсек, Бингем өзінің жергілікті досымен бірге таулардың біріне көтеріліп, екі үндіс отбасына кезігеді. Осы отбасының біріндегі кішкентай бала қалаға апарар жолды көрсетіп, Мачу-Пикчу қаласының табылуына себепші болады.
Мачу-Пикчу – инктер қаласының шын аты емес. Бұл жергілікті тұрғындардың қойған аты. Сонымен қатар, қаланың не себепті мемлекет астанасынан алыс және 2057 метр биіктікте салынғаны құпия болып отыр.
Қаланы зерттеу барысында, ғалымдар құрылыстардың көп бөлігі қоймалар мен ғибадатханалардан тұратынын анықтаған. Шамамен, қалада мыңға жуық инктер өмір сүргені белгілі болды. Олар Күн Құдайы Интиге сыйынған.
Қала 3 бөлікке бөлінген: ғибадатханалар ауданы, адамдар тұратын аймақ және молалар. Біздің заманымызға дейін Үш Терезе ғибадатханасы сақталған. Терезеден түсетін күн сәулесі инк империясының негізін қалаушыларды білдіреді.
Сурет: volshebnaya-planeta.ru