- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Құмырсқаның хикметі...
Құмырсқаның хикметі
Құмырсқаның дене-тұрқы өте кішкентай болғанымен, саны жағынан әлемде үстем орынды алатын жәндік. Сүтқоректілер, құстар, бауырымен жорғалаушылар, қос мекенді жануарлардың жалпы санынан әлдеқайда асып түседі. Кішкентай құмырсқалар бүкіл әлемге таралған, өмір сүрмейтін жері жоқ, экологиялық жүйенің кем болса болмайтын мүшесі. Ғалымдар адамды қайран қалдыратын осы бір кішкентай құмырсқалардың көптеген керемет ақыл-парасатын байқады.
1. Дәрі жасап, ауру емдеу. Оңтүстік Америка құрлығында тіршілік ететін бір түрлі қызыл құмырсқа кенеттен шіріген тағам жеп ауыра қалса, бейне адам сияқты құмырсқа илеуіндегі «қабынуды басатын дәріні» жейді екен. Ғалымдар құмырсқаның бір илеуін ашып, қызыл құмырсқаның «кішкентай дәріханасына» тексеру, сараптау жүргізген, нәтижеде бұл «қабынуды басатын дәрі» жыланқияқ, жауқазын және бәйшешек қатарлылардың ұрығының қоспасынан жасалғанын байқайды. Кейбіреулер оны татып көргенде, бейне наркоз уколын қойғандай, тұп-тура екі-үш сағаттай жансыз жатқан. Ғалымдар қызыл құмырсқаның шіріген ас жегенде уланбауының басты себебі осы дәрінің рөлінде деп қарады.
2. Тасқыннан алдын ала мәлімет беру. Көп уақыттан бері адамдар Амазонка өзені бойына отырықтанған үндістердің не үшін тасқынның келуінен өте дұрыс, алдын ала мәлімет беретіндігінің әрі дер кезінде қатерлі өңірден шегініп шығатындығының ешбір байыбына бара алмаған. Ақыры үндістер тайпасын зерттейтін оқымыстылар бұл жұмбақты табысты түрде шешті. Әсілінде, сол жердегі құмырсқалар оларға үлкен көмегін тигізген.
Бақылауға негізделгенде, Амазонка өзенінде тасқын келуден бір апта бұрын құмырсқалар илеуінен жапа-тармағай қол үзеді де, тұс-тұсқа қарай өрмелейді. Сирек кездесетін дүрлігу және әбігерге түсу белгілері байқалып, ағаш бұтағын бойлап, бейне бір қажетті мәлімет топтап жатқандай, жоғары-төмен тұп-тура бір күн қарбалас күйге түседі. Әуелі, ауа-райынан мәлімет беретін құмырсқаларға мәжіліс ашып, негізінен мәліметті сараптап, пікір алмастырады әрі шегіну бекімін жасайды, жалғасты шұғыл көшу алдындағы дайындық қызметіне кірісіп кетеді. Бір-екі күннен кейін құмырсқалар әскері нақтылы аттанысқа келеді. Алдыңғы қосыны «әскер құмырсқадан» құралған болып, олардың міндеті – алға ілгерілеу жолындағы бөгеттерді аластап, ешқандай бодаудан тайсалмай, алға ілгерілейтін жолдың іркіліссіздігіне кепілдік ету. Алдыңғы бөлек қосынның соңынан ілесетіндер – жүздеген метрге ұзыннан-ұзақ созылып жатқан құмырсқалар шоғыры. Олар айбынды әрі тәртіпті де жүйелі түрде қауіпсіз өңірге кең көлемді ауады. Міне, бұл тасқын келетіндігінің нышаны екен.
3. Алжастырып, шырғалап ұстау. Африканың шығыс бөлегіндегі бір түрлі құмырсқалар кішкентай термитті (ақ құмырсқаны) азық етіп өмір сүреді. Олар кең даланы кезіп жүріп, төңіректің төрт бұрышынан азығын іздейді. Алда-жалда термит шоғырын байқап қалса, ақырын өз илеуіне қайтып барып, сыбайластарын шақырады. Сәлден соң құмырсқалар үйірі топтасып, жиылып, термит шоғырын қоршауға алады. Олар термитті піскілеп жаралап, жансыздандырады да, одан соң тұтқындап илеуге апарып, «отбасылық қонағасы» өткізіп, асықпай игілігін көреді.
Ғажаптанарлығы, термиттер жеңімпаздардың алдында олардың ырқына көніп, бүкілдей еркінен айырылады, әуел десеңіз, моп-момақан бейнеде жерге жата қалып, олардың сілекейін шұбыртатын бір уақ дәмді тағамына айналатын көрінеді. Алайда, әдеттегі жағдайда, термиттер қарапайым құмырсқаларға өте сезімтал келеді. Әдеттегі құмырсқалар жақындап келген кезде олардың бәрі дүрлігіп, ес-ақылынан айырыла қаша жөнеледі немесе денесін дірілдетіп белгі беріп, жақтастарының өзін құтқаруын өтінеді.
Англяның Кембридж университетінің зерттеушілерінде бұған терең қызығу пайда болады. Бұл сырды ашу үшін олар екі түрлі құмырсқа - «ерекше қабілеті бар» құмырсқа мен әдеттегі құмырсқаны жансыздандырғаннан кейін сынақ жүргізеді. Нәтижеде термиттің әлгі «ерекше қабілеті бар» құмырсқалардан үрейлену бейнесі байқалмаған, ал ұқсас жансыздандырылған әдеттегі құмырсқаларды көргенде үрейленіп кеткен. Зерттеушілер бұл құбылыстың басты себебі: екі түрлі құмырсқаның дене сыртына шығаратын химиялық заттарының айырмашылығында деп қарады. Сонымен олар жеке-жеке он түрден артық химиялық қосылыстың термитке болған әсерін тексерді, нәтиже олардың тұспалының дұрыс екенін дәлелдеді. Батыс Африка құмырсқасы олардың шығарған химиялық заттарын дәл істетіп, химиялық қалқа жасап, әлгі наркоздалған аңғал термиттерді бір-бірлеп жей бастаған. Олар үнемі өздерінің осы «ерекше қабілетін» пайдаланып, термиттердің илеуіне баспалап кіріп, азық ұрлап жейді екен.
4. Қолайлы да төте жолды қарастыру. Азығы бар жерге апаратын әлденеше тармақ жолда құмырсқалар ылғи да табысты түрде ең қысқа жолды тауып алады, бұған ғалымдар ұдайы таң-тамаша болып келеді. Олар көру түйсігіне сүйеніп байқай ма? Жауаптың олай еместігі шүбәсіз, өйткені құмырсқаның көру түйсігі мүлде нашар. Ғалымдар тағы құмырсқаның тауып алатын ең қысқа жол жүлгесі түзу сызық емес екенін растады. Мұндағы себеп өте қарапайым: кішкентай құмырсқа жөнінен алып айтқанда, жаттық жер бетінің өзі олар үшін «күрделі жер бедеріндей» сезілетіндіктен, түзу сызық көп жағдайда болмайды.
Бельгия ғалымдарының зерттеуі ақыры бұл сырды паш етті. Зерттеушілер тәжірибеханада екі түрлі ұқсамаған жол жасап, одан соң бір қорап құмырсқаны қоя береді. Көптеген құмырсқа азықтықтың орнын өте тез байқайды, алайда кейбіреулері азықтыққа баратын біршама ұзақ жолды таңдайды. Дегенмен, көп өтпей бұл құмырсқалар басын бұрып, қысқа жолмен жүрген құмырсқаларды қуып жетіп алады. Зерттеушілер бұрылмасы көп, бұрылу бұрышы едәуір үлкен болған ұзын жолдағы «құр салпақтаған» құмырсқалар бір түрлі иіс шығарып, серіктеріне бұдан кейін шалыс баспау керектігін ұқтырады. Осыған қарағанда, құмырсқада ешқандай ерекше қабілет жоқ, олар тек шындық барысынан тәжірибе сабақ қабылдаған әрі дер кезінде өзара хабарласып отырған.
5. Қызықты жерлеу салты. Құмырсқа – топтасып тіршілік ететін жәндік. Құмырсқалар патшалығында ұрғашы құмырсқа, еркек құмырсқа, жұмысшы құмырсқа, әскер құмырсқа сынды топтар бар. Олардың бөліп шығаратын бір түрлі өзгеше иісті гормоны құмырсқалар ара барыс-келіс жасайтын белгісі. Илеуде бір құмырсқа өліп, өлексесі ыдырай бастаған кезде жемтік күлімсі иіс шығарады. Жұмысшы құмырсқалар алда-жалда жемтіктің күлімсі иісінен хабар тапса, серіктерінің өлігін дереу көтеріп алып илеу сыртындағы құмырсқалар қабіріне алып барып, топырақпен көміп жерлейді. Зерттеушілер мынадай бір қызықты тәжірибе жасаған. Өлген құмырсқаның денесіндегі жемтік иісін алып, бір тірі құмырсқаның денесіне жағып қояды да оны құмырсқа илеуіне қоя береді. Нәтижеде жұмысшы құмырсқалар бұл құмырсқаның жан дәрмен арыпталасқанына қарамастан, оны да илеу сыртындағы «құмырсқа қабіріне» көтеріп апарып, көміп тастаған.
Африканың солтүстігінде жасайтын құм құмырсқасы жанжалшыл келетіндіктен, үнемі құмырсқалар соғысы болып тұрады. Соғыс аяқтағанда, бір топ серіктері майданда өледі. Сөйтіп олар ұзақ бір қатар «өлік шығаратын» топ болып тізіліп, «құрбан болған сардар-сарбаздардың» өлігін иыққа салып, «қабірстанға» апарып өлексенің бетін құммен жасырады. Бір қызығы «өлік шығарған» құм құмырсқасының ішінде кейбіреуі тамыры бар шөпті көшіріп әкеліп, «қабірдің» айналасына ескерткіш етіп егеді екен.
Аударған: Бағдат Нұрмұқашұлы
Сурет: nipic.com
M. Auelkhan