- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Күлкі күнін бірге...
Күлкі күнін бірге қарсы алайық!
Бүгін сізге күлуге де, қалжыңдасуға да, тіпті, өтірік айтуға да болады, бастысы ешкімге ренжи көрмеңіз! Өйткені, бүгін - халықаралық күлкі күні! Бұл күні достармен, жұмыстағы әріптестермен, туған-туыстармен, қысқасы осы күні көріп, кездесіп қалатын барлық адамдармен әзілдесу айтарлықтай дәстүрге айналған. Біреудің обалына қалып кетпес үшін есіңізге сала кетейік, бірінші сәуірлік әзілдер көңілді де қызықты әрі зілсіз болғаны дұрыс.
Атаулы күннің нақты қай уақытта белгіленгені әлі күнге дейін анық емес. Қайдан шықты? Франциядан ба, әлде, Англия, Швеция, Мексика жерінен бе? Бұл сұрақтың жауабы да тұманды.
Мерекенің шығуы туралы ең нанымды дерек: алғашқы кездері 1 сәуір - көптеген христиан дінін ұстанатын елдерде күн мен түн теңелуі мен Пасха мерекесі ретінде атап өтіледі. Осы күні күллі жұртшылық ойын-сауық құрып, әзіл-қалжыңға толы әрекеттермен көңілдерін көтеретін. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасуда.
Ал келесі бір тұжырым мүлде басқа жағдайға байланысты айтылады. Тарих - 1582 жылы Рим папасы Григорий енгізген Григориан күнтізбесіне көшуінен басталды. Орта ғасырларда Жаңа Жыл мерекесі 1 қаңтарда емес, наурыз айының соңғы күндері тойланатын. Жаңа Жылды тойлау 25 наурыздан бастау алып, 1 сәуірге дейін жалғасатын. Мерекелік апта бойы әзіл-қалжыңға толы әрекеттер жасалып, көңіл көтерілетін. Жаңа күнтізбеге көшкен соң, бұл дәстүр өз күшін жоғалтқан жоқ. Халық Жаңа Жылды бұрынғы көңіл-күймен тойламаса да, сайран салып, бір-бірімен қалжыңдасып, алдап, "әзілдің иісі" аңқитын сыйлықтар беруді жалғастырып, өздерін "сәуірлік достармыз" деп атап келеді.
ХVІІІ ғасырда күлкі күні кеңінен танылып, ауқымды әзілге толы шараға айналды. Күлкі күнінде міндетті түрде өзгелермен әзілдесіп, барлығын алдау керек. Ағылшындар, шотландықтар. француздар бұл шараны уақыт өте келе әлемнің басқа да мемлекеттеріне кеңінен таратты. Кезінде бір-біріне "тәтті сірке суын" беріп алдайтын мерекеге берілген адамдар да болған деседі.
Ал сізге неге мерекені атап өтпеске? Айналағыңыздағыларға бір күн болсын күлкі мен шаттық сыйлағанға не жетсін! Әйткенмен, бәрі де ретімен болсын, күлдіремін деп жылатып алып жүрмеңіз...
Суреттер:supertosty.ru
Дайындаған: Айгерім Сматулллаева