- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Кремербрюке көпірі несімен...
Кремербрюке көпірі несімен ерекше?
Германияның Эрфурт қаласында ерекше көпір орналасқан. Жыл сайын сан мыңдаған туристің келуіне себепші болған сәулет өнерінің нендей кереметі бар? Назар аударып көрейік.
Кремербрюке деп аталатын көпірдің үстінде адамдар өмір сүріп, түрлі сауда-саттық жасайды. Егер қала көшелерімен жүріп өтсеңіз, өзеннің келесі жағына қалай өтіп кеткеніңізді білмей де қаласыз. Кремербрюке көпірінің үстіндегі тұрғындар дүкен мен кафе және шеберлік орталығын ашып, көпірді сауда-саттық мекеніне айналдыра білген.
Алғаш 1117 жылы ағаштан жасалған көпір сауда көпестерінің көптеп келуімен бірнеше рет өртеніп, құрып кетудің аз-ақ алдында қалған. Алайда, осы бір қолайлы ортаны сақтап қалу барысында, 1325 жылы көпір тастан салынып, қайтадан бой көтерген. Содан бері талай жыл тапжылмай тұрған көне мекен көпшіліктің саяхаттап келер ордасына айналған.
Қазіргі уақытта мұнда дүкен мен кафелерден бөлек, әулие Эгидия шіркеуі де бой көтерген. Бұл да бір туристер арнайы көріп кетуге тұрарлық орын.
Әулие Эгидия шіркеуінің тағы бір кереметі, оның жоғарғы бөлігінде орналасқан үлкен мұнарасына шығу арқылы Эрфурт қаласының таңғажайып көрінісіне куә болуға болады.
Сан ғасырлық тарихы бар ерекше сәулет өнерін зерттеуші мамандар бізге дейін ұзақ уақыт тұрған ғимараттардың болашақта да көпке дейін сақталуына кепілдік беріп отыр.
B. ZHAQSYMBET