«Әр елдің салты басқа» демекші, әр ұлттың өзін басқа ұлттардан ерекшелейтін, ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан салт-дәстүрі бар. Бір қызығы, әр елдің суықтан қорғануы әртүрлі екен. Мысалы, жапондар өз менталитеттеріне сай арнайы жылу қондырғыларымен жылынады. Ол – жапон тарихында ежелден келе жатқан котацу. «Котацу деген не?» деп ойлап отырған боларсыздар. Ендеше, жапондық жылу таратқышпен таныс болыңыздар.
Котацу – жапондардың дәстүрлі үй жиһазы. Ол аласа үстелдің қаңқасы мен қалың көрпеден құралған. Үстел қаңқасына көрпе жайылып, оның үстіне үстелдің үстіңгі тақтайы орнатылған, соның нәтижесінде, үстел астында суықтан қорғайтын шағын күрке пайда болады.
Котацу тарихы ХIV ғасырдан бастау алады. Оның пайда болуы жапон елінің ұлттық мәдениетімен астасып жатыр. Оның Хориготацу және Окиготацу деген екі түрі бар. Хориготацумен бір жанұя үстел басында отырып, бас қоса алатын болған.
Ал Окиготацу жеке адамға арналған екен. Осындай дәстүрлі котацулардың биіктігі – 40 см, оның астына көмірмен от жағылып, үйді жылытқан. Котацу әр қолданушының талғамына қарай безендірілген.
Алайда, жапондар үйін кепкен ағаштан салады. Ал бұндай үй ішінде от жағып отыру өте қауіпті. Уақыт өте келе, ХХ ғасырда жапондарда газбен жылыту мүмкіндігі туады. Бірақ, бұл үй жапон мәдениетіне оғаш боп көрініп, үйдің сәнін кетірген екен.
Бұл жайында Нобель сыйлығының лауреаты, жазушы Ясунари Кавабата өзінің "Қарлы ел" атты романында котацудың тұрмыста қалай қолданылатыны және оның мәдениеттегі рөлі туралы жазған екен.
Және де котацудың керосинмен және газбен жылынатын нұсқалары жасалған. Алайда, бұндай түрлері де адам өміріне қауіп төндіреді.
Ал бүгінгі таңда котацу заман ағымына сай қауіпсіз және жағымсыз иісі жоқ, электр арқылы жылытады. Электрлі жылыту қондырғысы үстелдің қаңқасында орнатылған, сондықтан, электр желісіне қосып, үстел үстіне көрпе жауып, оның үстіне беткі тақтайын қою керек.
Жапондар еденге отыратындықтан, оларға орындықтардың қажеті де жоқ. Аяғын үстелдің астына жіберіп, «дзабутон» деп аталатын көпшіктерге, не болмаса, жайылған кілемде отыра береді.
Алаңсыз үстел үстінде еркін тамақтанып, ноутбукпен жұмыс істеп немесе жақындарымен отырып, әңгіме-дүкен құрып, шай іше алады.
Сонымен қатар, котацудың поезд түрі де бар. Оның көмегімен жанына жақын адамдармен отырып, тынығып, жоспарлаған жеріне поезд-котацумен жетеді.
Котацу туралы қалған деректі төмендегі бейнебаяннан көре аласыздар.
Сурет: mtdata.ru, lifehacker.ru, img-fotki.yandex.ru
Оқи отырыңыз:
1. Қытайда түскі астың ақысын сұлулықпен өтеуге болады
2. Әлем картасын өзге мемлекеттер қалай көреді?
3. Британияда алғаш рет жаңа туған нәрестенің ағзасын ауыстырды
4. Садақ сырын меңгерген шетелдіктер