- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Коронавирус жұқтырған адамның...
Коронавирус жұқтырған адамның интеллект деңгейі төмендейді
Ұлыбритания ғалымдары ауқымды зерттеу жүргізіп, оның нәтижелері коронавирустың интеллект деңгейіне теріс әсер ететінін көрсетті. Зерттеу нәтижелері туралы мақала The Lancet медициналық журналында жарияланды.
The Lancet медициналық журналында жарияланған зерттеу нәтижелері бойынша, адамдарда коронавирусты жұқтырғаннан кейін де, аурудың барысында да жеңіл немесе ауыр түрдегі когнитивтік ауытқулар болады екен.
Зерттеу: Коронавирус жұқтырғандарда интеллектінің төмендеуі байқалады (фото 1)
2020 жылдың қаңтары мен желтоқсан айы аралығында жүргізілген зерттеуге Great British Intelligence сынағынан өткен 81 337 адам қатысты. Осылардың ішінен 12 689 адам COVID-19-дың түрлі дәрежедегі формасымен ауырып шыққан. Ал 275 адам ауруға дейін және одан кейін интеллект деңгейін анықтайтын тест тапсырған.
Зерттеушілер алынған деректерді жынысына, нәсіліне, жасына, табысына, білім деңгейіне және басқа да ерекшеліктеріне байланысты факторларды ескере отырып талдаған.
Ұлыбритания ғалымдарының басты мақсаты когнитивті өнімділік нашарлауының COVID-19 байланысты екенін анықтау болды, өйткені аурудан кейін көптеген адам есте сақтау және концентрация мәселелеріне қатысты шағымданған. Сонымен қатар мазасыздық, бас ауруы және өзге де жағымсыз салдар болғанын айтқан. Иіс сезудің де нашарлауын ғалымдар орталық жүйке жүйесінің бұзылуына байланысты дейді.
Ғалымдар COVID-19 ауырған адамдарда когнитивті ауытқушылықтар болды деген қорытындыға келді. Интеллект сынағынан өткендер жоспарлау, шешім қабылдау және абстрактілі ойлауды қажет ететін тапсырмалармен жұмыс жасай алмаған. Бұл әсіресе ауруханаға түскен адамдарда айқын байқалды.
А. Оралқызы