Баланың дүниеге келуі кез келген әулеттің үлкен қуанышы екені сөзсіз. Корей халқы үшін жанұяға жаңа мүшенің қосылуы маңызды мерекелердің бірі болып саналады.
Ең алғашқы ірі думан баланың дүниеге келгеніне 100 күн толғанда атап өтіледі. «Пэк иль» сөзі корей тілінен аударғанда 100 күн деген мағына береді. Бұл күн кең көлемде тойланбаса да, баланың осы уақыт ішінде шетінеп кетпегеніне шүкіршілік білдіріп, жақын туыстары қуанады. Егер де бала әлсіз немесе науқасқа шалдыққан болса, 100 күн мерекесін тойламайды.
Дәстүр бойынша бала туылуына ықпал ететін қамқоршы әйел Самсин хальмониге сый-тартулар (күріш пен сорпа тағамдары) жасайды. Бұл күні жақын туыстар мен тамыр-таныстарға күріш тоқаштарын таратып жібереді. Мұндай сыйды алған жандар жауап ретінде күріштен жасалған тағам не ақшалай сый жіберуі тиіс. Бүгінде 100 күн мерекесінде бұл дәстүрлер сирек кездеседі. Сондықтан да, қазіргі таңда 100 күн кішігірім дастархан басында туыс-жолдастардың арасында тойланады.
Корей халқы «толь» мерекесіне ерекше көңіл бөледі. «Толь» баланың бір жасқа толған кезі, яғни алғашқы туған күні. Бір жасар балақайға туған күн мерекесінің құрметіне арнайы жібек матадан мерекелік киім тігеді. Әке-шешесінің жанына жайғасатын туған күн иесі салт жораларды бақылайды. Мерекенің басты сәті баланың болашағын болжау рәсімі бұл күнде де өз маңызын жоғалтпады.
Кішкентай баланың алдына бірнеше заттары бар шағын үстел қойылады. Үстел үстінде жатқан әрбір заттың белгілі бір маңызы бар. Әдетте, арқан жіп, кітап, қалам, ақша, күріш, кеспе т.с.с. дүниелер, сондай-ақ қыздар үшін қайшы, ұлдарға арнап қанжар немесе садақ қойылады. Балақай үстелге жақындап, қалаған дүниесін алуы керек. Егер де ол арқан жіп не кеспе алса, оның ғұмыры ұзақ болады. Кітап я қалам таңдаса, болашақта зор шенді қызметте болады. Күріш не ақша таңдаған балақай келешекте байлыққа кенеледі. Қанжар не садақ таңдаған ұл бала ержеткенде сарбаз, ал қайшы таңдаған қыз үй шаруасына пысық болып өседі. Бұл дүниелер туралы кеңінен айта кетейік.
«Чар тоги» - күріштен пісірілген нан өнімдері
Таңдауы «Чар тоги» болған балақай болашақта таршылық көрмейді. Мұндай таңдау жасаған баланы «бақытты жан» деп санайды. Оның үйінде молшылық болып, ғұмыр бойы сәттілікті өзіне серік етеді. Келешекте көшбасшылық қабілеттері байқалып, министр, банк қызметкері, басшы болуы мүмкін.
«Кхо» - қызыл бұршақ
Қызыл бұршақ таңдаған бала ауқатты тұрмаса да, ол жаны таза, адал азамат болып өседі. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, жақсы шенеунік я шаруа болуы мүмкін. Олардың қызметі ақыл мен қол күшімен тығыз байланыста болады. Әркез көтеріңкі көңіл-күйде болып, өмірге оптимистік көзқараспен қарайды.
Корей халқы үстел үстіне қызыл бұршақты бекерден бекер қоймайды. Наным бойынша, қызыл бұршаққа қолын тигізген бала «қызылша» ауруына шалдықпайды. Сондай-ақ, корей халқы қызыл түстің құдіреті бар деп есептейді. Бұл түс жын-пері мен бәле-жаланы қашырады деген көне сенім бар.
«Чэг» және «йонпхиль» - кітап пен қалам
Кітап не қалам ұстаған бала болашақта заңғар жазушы, қылқалам шебері, суырып салма ақын болады деп болжайды. Өмірде тыныштықты сүйетін зиялы болып өседі. Білімге құштар, ақылды болады.
«Кася» және «Баныль» - қайшы мен ине
Туған күн иесі қыз бала болса, қайшы мен ине үстелге арнайы қойылады. Қайшы не ине таңдаған қыз бала шаруаға пысық болып өседі. Таңдауы қайшы болса, ол он саусағы майысқан шебер болады. Мінезі тура, икемді болып өседі. Қолын инеге тигізген қыз бала болашақта танымал әнші болуы мүмкін.
«Силь» - арқан жіп
Арқан жіпті таңдаған балақайдың өмір жасы ұзақ әрі оның ғұмыры шаттыққа толы болады. Еңбегіне адал болып, кез келген ісін тиянақты орындайды. Бәлкім, болашақта дәрігер не пәлсафашы болуы мүмкін.
Толь мерекесі салтанатты түрде кең көлемде тойланады. Жүзге жуық қонақтар шақырылады. Шақырылған қонақтар балалар киімін, ақша, алтын сақиналарды сыйға тартады. Алтын сақиналар баланың болашағын қамтамасыз ететін қор болып саналады.
Алғашқы туған күннен кейін екінші, үшінші, төртінші өз реті бойынша атап өтіледі. Жыл сайын баланың туған күнін тойлау әр түрлі сипатта өтеді. Көбінесе, батыс салты бойынша тойланады.
Корей халқы туған күндерді мейрамханаларда өткізуді әдетке айналдырған. Әсіресе, «швед дастарханы» өте танымал. Дастарханның сәнін арнайы пісірілген үлкен торт кіргізеді. Корей халқының көп бөлігі дастарханға тортты Рождество не туған күн кештерінде ғана қояды. Мерекелік тортты әсем шырақтармен безендіріп, атақты «Happy birthday to you!» айтылады.
Суреттер ғаламтор беттерінен алынған