- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Көмір түсті жағалау...
Көмір түсті жағалау
Қара жағалау Биг Айленд атты гавайлық аралда орналасқан Хило қаласының оңтүстігінен орын тепкен. Халық бұл мекенді "Пуналу жағалауы" деп атайды. Бұл жай ғана жағалау емес, қара құмның ауытқушылығына (аномалия) арналған тұтастай бір саябақ. Жағажайдың түсі лавалық тасқындардың мұхит суына қосылып, толқынның шетке шығарып тастау әсерінен пайда болады.
Қара жағалаудың да өзіндік пайдасы, өзіндік ерекшелігі бар. Онда демалатын адамдардың қатары өте сирек. Яғни, сізді ешкім мазаламайтын болады, у-шудан біржола құтыласыз. Әсіресе, оның сыртқы көрінісі көзіңіз үйреніп кеткеннен кейін ерекше әсер қалдырады.
Жағалаудың адам көзінен тасада жатқан тағы да бір кереметі бар. Сол жердің тұрғындарының айтуы бойынша, жағалаудың астынан тұщы су ағады екен. Тұщы су өте салқын және мұхиттың ащы суымен араласып кетпейді.
Бір жақсының бір кемшілігі болуы да заңды. Күн шуақты күндері қара құм әдеттегі құмға қарағанда екі-үш есе қатты қызады. Сондықтан, аптапты ыстық күндері құмды жалаң аяқ басу туралы ойламай-ақ қойсаңыз да болады.
Қара жағалаудың қожайындары – тасбақалар. Өйткені, мұнда адамдарға қарағанда тасбақалар көп. Ешкімге зияны жоқ жайбасар "тұрғындар" заңмен қорғалады. Мұнда келетін қонақтарға оларға зиян тигізуге немесе өлтіруге тыйым салынған.
Е. Жұмабайұлы