- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- "Қолдар үңгірі"...
"Қолдар үңгірі"
Осыдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген адамдар өз үңгірлеріне өмірдің ең басы аспектілерін таңбалап кеткен. Бұл – ең бірінші өздерінен кейінгі ұрпақ үшін жасалған әдіс. Біз осы суреттерге қарап, бұрынғы адамдардың қалай өмір сүргендігін, немен айналысқандығын біле аламыз.
Дәл осындай "тарихи оқулықтардың" бірі – Аргентинаның оңтүстігінде орналасқан Куэва-де-лас-Манос үңгірі. «Куэва-де-Лас-Манос» сөзін испан тілінен аударғанда, "Қолдар үңгірі" деген мағынаны білдіреді. Мұндағы ең ескі іздер б.з.д. тоғызыншы мыңжылдыққа тура келеді. Ал таңба авторлары – Патагониядағы үндістердің ата-бабасы.
Үңгір өз қабырғаларындағы жас жеткіншектердің алақан іздерімен танымал. Дәл осы жерде ежелгі дәстүрлер, оның ішінде ұл балалардың ересек өмірге қадам басу (инициация) ғұрпы атқарылған. Олар осы жерде өз лауазымдарын өзгертіп, "ер жігіт" деген айбынды ат алған. Үңгір қабырғаларында бұдан басқа да суреттер бар. Оларға қарап, Техуэлчес тайпасының өмірінен хабардар бола аламыз. Суреттердің көпшілігі – аңшылық жорықтар. Сондай-ақ, ежелгі тайпаның геометрияны жақсы меңгергендігі байқалады. Себебі, қабырғаға салынған геометриялық фигуралар көрген көзді таңғалдырады. Қабырғадағы аңшылық құралдар, алуан түрлі өрнектер, күн суреттері де ерекше орын алады.
Қысқасы, үндістер маңызды дегендердің бәрін тасқа қашап кеткен. "Қолдар үңгірі" тасқа салынған суреттерге бай.
Үңгір Франциско Морено саябағының аймағында жатыр. Сондықтан да, кез келген ниет білдіруші адам әңгімемізге арқау болған қызықты әрі жұмбақ мекенге жол тарта алады. Тәжірибелі экскурсия жетекшілері сіздерге суреттерді көрсетіп, бүге-шүгесіне дейін түсіндіретін болады.
Айта кетейік, суреттер қабырғаға арнайы аспаптардың көмегімен салынған. Олар – трафареттер мен қуыс түтіктер. Және суреттердің әртүрлі түсте екендігін және сол қол алақандарының басылғанын ескеру керек. Ғалымдар мұны тайпа адамдарының түтіктегі бояуды оң қолымен ұстап тұрғандықтан, сол қолдары бос болған деп түсіндіреді.
"Қолдар үңгірі" – өткеннің бесігі. Үңгір ішіне аяқ басқаннан-ақ, ежелгі әлемге саяхат жасап жүргендей боласыз. Үндіс тайпаларының бар тарихы сіздің алдыңызда жатыр, оқи алсаңыз болғаны...
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: byaki.net