Бірнеше күн бұрын калифорниялық ерлі-зайыпты кездейсоқ бағасы он миллион доллар болатын сирек кездесетін тиындар тауып алды. Тиындар үйдің артқы бақшасындағы топырақ бетіне шығып тұрған тат басқан қалайының ішінен табылған.
Кейін жұбайлар алтын тиындарды зерттеумен айналысатын Kagin’s, Inc компаниясының маманы Дон Каганмен кездесіп, жәдігерді көрсетеді. "1981 жылдан бері компанияға келген адамдардың көбі бағасы мың, екі мың доллар тұратын бір-екі тиын әкелумен шектелетін еді. Ал мұндай сирек кездесетін тиындарға толы қазынаның табылуы алғаш рет орын алып отыр", - дейді Дон Каган ABCNews-қа берген сұхбатында.
Ерлі-зайыпты есімдерін бұқаралық ақпарат құралдарына жария етпей, белгісіз күйде қала беруді жөн көріпті.
"Біз бұл жолмен бірнеше жыл жүрсек те ештеңе байқамаппыз. Бір күні шеті шығып жатқан темірді байқап, алып тастауды жөн көрдік. Тат басқан қалайыны орнынан шығарып, қоқыс арасына лақтырып тастамақшы болдық. Кейін бетіндегі татты сүртіп, екі жағы бірдей жабық екенін көрдік", - деді ерлі-зайыптылар.
Содан соң жер астынан іші алтынға толы тағы бес қалайы шыққан. Дон Каган өз сұбатында құпия қалайының ішінен 1847 және 1894 жылдары соғылған 1427 тиынның табылғанын айтты. Калифорниялық отбасы табылған қазынаның көп бөлігін сатуды мақсат етіп отыр. Бірақ одан бұрын бұл жәдігерлер Атланта қаласында өтетін Америка нумизмат қауымдастығының көрмесінде қалың жұртқа көрсетілмек.
Каган бұл тиындардың біреуінің өзі миллион доллар тұруы мүмкін деп есептейді.
Жолы болған жұп: "Сатылымнан түскен ақшаның бір бөлігін осы аймақтағы кедей-кепшікке бөліп береміз, ал бір бөлігін өнерді дамыту ұйымы мен қайырымдылық қорына аударамыз", - дейді.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: mixstuff.ru