Ұзындығы 60 сантиметрден асатын акула АҚШ-тың Сан-Хуан-Капистрано қаласындағы гольф алаңына құлап түскен. Аталған аймақ Тынық мұхиты жағалауынан 8 шақырым жерде деп хабарлайды Chicago Tribune газеті.
Басылым бетінде жазылғандай, су жыртқышы көктен түскен San Juan Hills гольф-клубының қызметкерлері одан қорықпай, гольф-мобильге салып, клуб ғимаратындағы суға салыпты.
Қызметкерлердің бірі Брайан Стайзер: «Мен жыртқышты суға салған кезімде ол қимылсыз 2-3 секунд жатты да, қозғала бастады. Ал мен оны өлдіге санағанмын» дейді.
San Juan Hills гольф-клубының директоры Мелисса Маккормактың айтуы бойынша, бұл оқиға соңғы жылдардағы ең тылсым құбылыс. Сонымен қатар, клуб басшысы бұл оқиғадан соң келушілер көбеймесе, азаймайтынын айтып өтті.
Ал зоолог ғалымдар мұны ешқандай да тылсым құбылыс емес дейді. Олардың ойынша, акула аса үлкен болмағандықтан, ірі жыртқыш құстардың бірі оны су бетінен іліп әкеткен. Бұл болжамның басты дәлелі су жыртқышының бойындағы тырнақ іздері болып отыр.
Әбден азаптанып, соңында тірі қалған акуланы Брайан Стайзер тынық мұхитының жағалауына апарып, суға жіберген.
Америкалықтардың аң-құстарға деген аяушылық сезімінің жоғары екенін білсек те, Америка жеріне соншама биіктіктен құлап түскен жыртқыш балықтың тірі қалатыны үш ұйықтасақ та түсімізге кірмейтін шығар, бәлкім...
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: nevseoboi.com.ua