Егер алдағы уақытта АҚШ-тың Атланта қаласына барар болсаңыз, әлемдегі ең танымал сусын – кока-колаға арналған мұражайды көріп қайтуды естен шығармаңыз. Мұражай «Coca-Cola әлемі» деп аталады.
Тұңғыш рет кока-кола сусыны осыдан 127 жыл бұрын Атланта қаласында жасап шығарылды. Компанияның штабы да осы қалада.
Ал мұражай кезінде Пембертонның сусын формуласын ойлап тапқан жерінен санаулы квартал жерде орналасқан.
Алғашында сусын патентелген дәрі ретінде сатылды. Оны газды сусындарға арналған автоматтардан 5 центке сатып алуға болатын.
Сол кездері АҚШ елі арасында газды сусындар денсаулыққа өте пайдалы деп қабылданатын. Пембертонның айтуынша, кока-кола көптеген адамды түрлі аурулардан емдеген.
Алғашқы жарнама компаниясын да Пембертонның өзі жасап шығарған. Ол ең алғаш рет Атланта хабаршысында жарияланды. Ал бір жыл өте, дәл сол атаумен компания құрылды.
Атлантадағы мұражай 1991 жылы ашылды. Алайда 16 жылдан соң басқа жерге көшірілді.
Мұражайдың құрылған сәтінен бастап, оған 9 миллионнан астам адам кіріп шыққан.
Бүгінгі таңда «Кока-кола әлемі» - Атлантадағы ең көп қонақ қабылдайтын мекеме болып саналады.
«Кока-кола әлемін» жай ғана мұражай деп атау қиын. Бұл - көптеген экспонаттар, көркем шығармалар, видео мен дыбыс қамтылған интерактивті кешен.
Мұражай ішіндегі тур 90 минутқа созылады және ол аяқталысымен әрбір келуші мұражай ішінде өз бетінше серуендей алады.
Мұражай ішінен мыңнан аса экспонатты көруге болады.
Келушілер компания мен сусын тарихы жайлы фильм көріп, кока-коланың шағын зауытында танымал сусынның қалай жасалатынына куә бола алады.
Мұражайда әрқашан «Мынаның дәмін тат» атты көрме жұмыс істейді. Онда әрбір келуші әлемнің әр жерінде жасалатын сусынның 60-тан астам түрінің дәмін тата алады.
Сондай-ақ, келушілердің назарына кока-кола формуласы, оның айналасындағы құпиялар мен мифтер жайлы «Құпия формуланың қоймасы» атты интерактивті көрме ұсынылады.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: daypic.ru