Қазіргі қоғамдағы ең өзекті тақырыптардың бірі − такси қызметі. Нақтырақ айтар болсақ, адамдардың ресми тіркелген қоғамдық таксиге емес, жол-жөнекей өтіп бара жатқан бейтаныс көлік жүргізушісінің қызметін пайдаланып жапа шегіп жүргені.
Осыдан бір ай бұрын болған Айзада Авлатарованың оқиғасы барлығының есінде шығар. Айзада оқуына бару үшін өткінші көлікті тоқтатып, жеткізіп салуын сұраған. Алайда сол күні ол бірнеше күн бойы білім ордасына да, үйіне де қарасын көрсетпеді. Таксист болған қылмыскер қызды алып қашып, бір апта үйінде қорқытып ұстап отырған. Абырой болғанда оқиғаның соңы жақсы аяқталды. Қыз бір аптадан кейін табылып, үйіне оралды. Осы секілді қоғамда болып жатқан түрлі өзекті мәселелерге бей-жай қарап отыра алмайтын белсенділеріміз қарапайым халықты пәледен сақтау үшін "Тәуекелге барма, ТАКСИ шақыр" атты әлеуметтік ролик түсіріпті.