- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Көбелектің иісі ...
Көбелектің иісі
Көбелек – табиғаттағы ең құпия жаратылыстардың бірі. Мұндай ғажайыпты ойлап табу мүмкін емес. Адам қарағысыз дернәсілден тап бір суретші салып қойғандай ою-өрнекті қанаттары бар сұлу жәндік шыға келеді. Ал оның ешкімге зияны жоқтығы тағы бір бөлек әңгіме. Ғажап емес пе?
Бүгін сіздерге осы бір кереметтей жаратылыстың бірнеше құпиясын ашпақпыз.
Әрбір көбелектің өзіне тән иісі бар. Кейбір көбелектерден ванильдің, шашақгүлдің, бүлдіргеннің, қазтамақтың, шоколадтың иісі мүңкіп тұрады. Ал аталық ақ көбелектерде қызыл қазтамақтың, лимон гүлінің иісі бар екен.
Бірқатар көбелектер коллекция үшін препаратталғаннан кейін де тартымды иісін сақтап қалады. Көбелектер коллекциясымен айналысатын бір ғалым ылғи да өзімен бірге тропикалық көбелектің біреуін алып жүреді екен. Ол адамдарға осы иістен ләззат алатынын айтады. Ал Бразилияда шоколадтың өткір иісін шығаратын көбелектер мекендейді. Адамдар бөлме ауасын иістендіру үшін осы көбелектерді арнайы ұстайды.
Олар өз иістерін екі мақсатта қолданады: қарама-қарсы жыныстағы көбелектердің назарын аудару және жауларын қорқыту үшін.
Иіс артқы қанаттарындағы қабыршақтан шығады. Бұл иісті бөлетін денедегі темір құрамы екен. Қызығы, аналық көбелектердің иісі адамға ұнаса, аталық көбелектердің иісі жағымсыз қабылданады.
Ал сіз көбелектердің сезім мүшелері адамдарға қарағанда әлдеқайда жақсы дамығанын білесіз бе? Олар тәттіні біздің тілімізден де артық біледі. Олардың басты тағамы – гүл шырыны. Оның құрамында қант болғандықтан, тез іздеп тауып алады. Көбелек гүлдегі шырынды байқаса, бірден ұзын бізтұмсығын салып, сұйықты сорып алады.
Сондай-ақ, көбелектер түсті де жақсы ажырата алады. Керек десеңіз, адам көзі байқай алмайтын ультракүлгін сәулелерін де тез қабылдайды екен.
Олардың иіскеу сезімдері де жақсы дамыған. Дәм тілдегі ағзалар арқылы сезілсе, иіс көбелектің мұрты арқылы қабылданады. Міне қызық, табандарында орналасқан "мұрынмен" де иіскейтін көбелектің түрлері бар екен.