Кешірім сұрап беретін агенттер пайда болды

Кейде өз қатеңді түсініп, кешірім сұрай салу қиынның қиыны болып көрінеді. Ал егер «кешір» деген сөзге аузыңыз бармаса арнайы агентті жалдауыңызға болады. Бірақ бұл үшін сіз Жапонияда тұруыңыз керек...

Жапондықтар ұрыс-керістен соң қарым-қатынастың сақталуы үшін арнайы кешірім сұрайтын агенттердің көмегіне жүгінеді. Бұл елде ашылған агенттіктердің басты қызметі сіз өкпелетіп алған адамнан иіліп тұрып кешірім сұрап беру екен. Бірақ агенттер әртүрлі адаммен сөйлесе білу мәнерін үйренеді. Тиісінше, жағдай ауыр болса олар да өзгеше мәнерде кешірім сұрап, көңілден шығу жолын үйреніп алған. Сөйтіп, ренжіп қалған досыңыздың көңілін таба білгенін немесе кешірмей қойғанын да жалдаған агентіңізден біліп отырасыз. Олардың қызметіне тіпті бақырып жылап та кешірім сұрау кіреді.

Агенттердің тағы да бір қызметі кешірім сұрауды ғана емес, басқа да қызмет түрін ұсынады. Мәселен сіз өзіңіз жасай алмайтын, бірақ қатты қалайтын ісіңізді де солар арқылы бітіріп аласыз: әбден ішті пыстырған досыңызбен байланысты үзгіңіз келсе агент оған сіздің әкеңіз, ағаңыз немесе тіпті әйеліңіздің кейпінде хабарласып, қалауыңызды орындай алады. Сонымен қатар, жұмысыңызға да барғыңыз келмесе олар сіздің ата-анаңыз немесе әйеліңіз болып басшыңызға хабарласады. Сіздің жұмысқа келмей қалу себебіңізді олар өзінен көріп, сіздің еш кінәңіздің жоқтығын дәлелдеп бере алады.  

Кешірім сұрап беру қызметінің бағасы әр жағдайда әрқалай. Мәселен бетпе-бет келіп, кешірім сұрап беру 240$ тұрады. Ал телефон арқылы кешірім сұрау 96$ екен. Ал «Yokohama Benriya Natchan» сияқты ірі агенттіктер өз бағасын айтқысы келмеген.

Әрине, бұл қызметтің негізгі қаруы өтірік айтуға құрылған. Ешкім де сіздің орныңызға әлдекімнің барып кешірім сұрап бергенін құп көрмейді, кешірмеуі де ғажап емес. Осы орайда, қазіргі таңда мұндай агенттіктер сынға ұшырауда.

Десе де, мұндай агенттіктерге қазірде сұраныс туып тұр. Агенттіктердің жасаған статистикасы бойынша мұндай қызметті 20-40 жас аралығындағы әйелдер көп пайдаланады. Ал жалпы клиенттердің қырық пайызы әйелдер болып табылады. Мұнымен қатар, бұл қызметке жүгінетіндердің ең көп таралған себебі ақшамен және махаббатпен байланыстырылып отыр.

 

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: vk.com