1972 жылы Югославияның JAT әуе компаниясына тиесілі ұшақты Стокгольмнен Белградқа ұшып бара жатқанда лаңкестер жарып жіберді. Нәтижесінде теңіз деңгейінен 10 000 биіктікте ұшақ екіге бөлінеді. Құтқарушылар жолаушылардың мәйіттерін жинау кезінде 22 жастағы стюардесса – Весна Вулович тірі қалғанын анықтады.
Екі аяғы мен бірнеше қабырғасы сынған стюардесса ауыр жарақат алып, аман қалды. Кейін ұшақты жарып жібергендердің Хорватия азаттық қозғалысының мүшелері екені белгілі болды.
Оқиға алдындағы жағдай
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Балқан түбегінде Югославия Социалистік Федеративтік Республикасы құрылды. Бұл елдің құрамына алты одақтас республика – Сербия, Хорватия, Черногория, Словения, Босния және Герцеговина, Македония кірді.
Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін тәуелсіз болған Хорватия мен басқа одақтас республикалар да сербтердің қол астында өмір сүруге келіспеді. КСРО кезіндегідей одақ ішінде күшпен ұсталды.
Ол кезде Хорватияны азат ету ұйымына мүше болған хорваттар диверсиялық әрекеттерді жиі жасайтын. Стокгольмнен Белградқа ұшып бара жатқан ұшақты жарып жібергендер де хорваттар еді.
Жарылыс
1972 жылы 26 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша сағат 13:30-да Югославияның JAT (Jugoslovenski Aerotransport, халықаралық атауы — Yugoslav Airlines) авиакомпаниясына тиесілі McDonnell Douglas DC-9-32 ұшағы Стокгольм-Копенгаген-Загреб-Белград бағыты бойынша ұшты.
14:30-да ұшақ Копенгагенге қонып, стюардессалар командасы ауысады. Сағат 15:15 Макдоннелл Дуглас Дания астанасынан ұшады. Ол кезде ұшақта 5 экипаж мүшесі мен 23 жолаушы болған.
Сағат 17:00-де ұшақ Хорватияның астанасы Загребке қонуы керек еді. Алайда межелі жерге жетпейді.
Ұшудан 45 минут өткен соң, ұшақ 10 160 метр биіктікке көтерілгенде, ұшақ бортында қатты жарылыс болады.
Құлаған ұшақтың бөліктері ГДР мен Чехословакияның шекарасындағы ауылға түседі (қазір бұл екі ел жоқ. ГДР ГФР-ға қосылды, Чехословакия екіге бөлінді).
Апат болған жерге бірінші болып ауыл тұрғындары жетеді, одан кейін құтқарушылар келеді. Ұшақта болғандардың денелері жан-жақта шашылып жатады, ондағылардың барлығы қаза тапқанына ешкім күмән келтірген жоқ еді.
Құтқарушылар ұшақ сынықтарынан адамдардың денелерін жинауға кіріседі. Осы уақытта құтқарушыларға көмектесіп жатқан жергілікті халықтың өкілі Бруно Хонке ұшақ бөліктерінің арасынан аман қалған қызды көреді. Ол әрең тыныс алып жатқан Весна Вулович болатын. Бруно Екінші дүниежүзілік соғыста неміс армиясында дәрігер болғандықтан. Бойжеткенге алғашқы көмекті өзі көрсетеді.
Стюардессаның екі аяғы, бірнеше қабырғасы, омыртқасы сынған, денесінің басқа бөліктері әртүрлі дәрежеде зақымдалған еді.
Стюардессаның кейінгі тағдыры
Сол кезде Весна Вулович Стокгольмнен Белградқа ұшып бара жатқан ұшақта кездейсоқ болған. Университетте оқуымен қатар ол бортсеріктерді дайындайтын арнайы курста оқиды.
Қыз ағылшын тілін жақсырақ үйрену үшін Лондонға қысқы демалысқа барады. Біраз уақыт Ұлыбритания астанасында тұрған Весна сол жерде достарының бірімен танысады. Досы оны Стокгольмге шақырады.
Белградқа қайту уақыты келгенде, оның досы Веснаға Стокгольм-Загреб бағыты бойынша өзінің орнына тағылымдамадан өтуші ретінде ұшуды ұсынады. Ол келіседі.
Ұшақ жарылған кезде бойжеткен орындықтардың бірінде болған. Алайда, есін жиған кезде ол жарылыс кезінде ұшақтың қай бөлігінде болғанын және не істеп жүргенін есіне түсіре алмайды.
Бойжеткен жарылыс дыбысын естіп, есінен танып қалған кезде салонда болғанын және жолаушыларға қызмет көрсетіп жатқанын айтады.
Бойжеткенді тексерген кезде оның омыртқасы мен одан өтетін жұлын жүйесі зақымдалғаны анықталды. Осыған байланысты қыздың денесінің белден төмен бөлігі ұзақ уақыт бойы жұмыс істемейді. Кейін оған ерекше оталар жасалады.
Комадан шыққаннан кейін қыз 10 ай бойы қозғалыссыз жатады. Оқиғадан бір жарым жыл өткен соң ол есін жиып, аяққа тұрады.
10 мың метр биіктіктен құлап аман қалған Весна Югославияда ғана емес, әлемге танымал болады. Бойжеткенмен көптеген жергілікті және шетелдік газеттер мен телеарналар сұхбат жасайды. Олар Весна туралы деректі фильм түсіреді, оны әртүрлі шоуларға шақырады.
Весна сауыққаннан кейін ол JAT әуе компаниясында стюардесса ретінде бұрынғы жұмысына қайта оралғысы келеді. Алайда әуе компаниясы оны жұмысқа алудан бас тартады.
Біраз уақыттан кейін қоғамның қысымына байланысты бойжеткен стюардесса емес, әуе компаниясының кеңсесіне жұмысқа қабылданды. Әуе компаниясының кеңсесінде 1990 жылға дейін қызмет етеді.
1985 жылы Весна Вулович Гиннестің рекордтар кітабына қорғаныш құралдарысыз құлаудан аман қалған адам ретінде енген.
Бойжеткен Лондонға рекордтар кітабына енгені туралы куәлікті алу рәсіміне келгенде, жастық шағының кумирі Пол Маккартни де дәл осындай құжат алуға келеді.
1990 жылы Весна социалистік режимге қарсы шерулерге белсенді қатысты. Содан кейін авиакомпания оны жұмыстан шығарады.
1992 жылдың басында одақтас республикалар өз тәуелсіздігін жариялап, Югославия ыдырап кетті.
Сол кезде Югославия мен Сербиядан бөлініп шыққан тәуелсіз республикалар арасында қарулы қақтығыстар басталды. Бұл қақтығыстарда Еуроодақ пен НАТО тәуелсіз республикаларды пайдаланады. Нәтижесінде Сербия мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынас нашарлайды.
Осындай жағдайда Весна Сербияның Еуро Одаққа мүше болуын қолдайтын Демократиялық партияның қатарына қосылады. Өмірден өткенше осы партияның мүшесі ретінде саяси қызметке белсене араласады.
2016 жылы 66 жастағы Весна Вулович бірнеше күн Белградтағы үйінен шықпаған. Сосын достары полиция шақырады. Полицейлер есікті бұзып, әйелді өлі күйінде тапты.