Келешектің қалалары қандай болады?

Келешектің қалалары қандай болады?

Келешекте қалалар қандай болады? Олар бүгінгі алпауыт қалалардан қалай ерекшеленеді? Бұл туралы талай инженер, архитекторлар және дизайнерлер бас қатыруда. Қаланың көркі ғана емес, өмір сүру қағидасы да, экономикалық жағдайы да өзгеруі бек мүмкін. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға келешекте бой көтеруі мүмкін немесе алғашқы іргетасы қаланып та үлгерген жаңа қалалар жобасын ұсынамыз.

Көліксіз қала салынады


Қытай басшылығы «Ұлы қала» жобасын қолға ала бастады. Жоба бойынша, қалада көлік атаулы болмайтын көрінеді. Қала Чэнду аймағына жақын маңға салынбақ. Жоба 80 мың тұрғынға жоспарланған. Автокөліксіз қалада бар ісіңді жаяу немесе велосипедпен жүріп тындыруға толықтай жағдай жасалмақ екен.

Жобаның мінсіздігі де тұрғын үй кешенінің маңына барлық қажетті мекеменің орналасуында болып отыр. Қажетті жеріңізге 10 минутта жетуге болады. Қытайдың келешекке жоспарланған қаласы қазіргі өзі тектес қаладан 89 %-ға дейін шығынды аз келтіретін көрінеді.

Көміртегісіз қала жобасы да бар


Қытайды «Ұлы қала» жоспарында қалада автокөлік болмайтын болса, Біріккен Араб Әмірлігі қолға алған Масдар автокөліксіз және зәулім үйлердің бой көрсетпеуімен ерекшеленбек.

Масдар қаласы қазіргі таңда Дубайға жақын маңдағы шөл далада салынып та жатыр. Қаланың ерекшелігі – жоба бойынша, таза табиғи энергия көздерімен жабдықталады. Яғни мұнай, газ және көмірдің орнына энергия қуатын күн және желден өндірмек. Бұл жоба іске асып жатса, қала әлемдегі көміртегіден ада алғашқы қала болмақ. Күндіз күннің аптап ыстығынан қорғайтын қалқандар, түнде күндіз жинаған энергия қуатын жарық қылып тұрады екен.

Шөлдегі «жасыл» қала


Дубай – Біріккен Араб Әмірлігінің келешектегі «жасыл» қалаларының бірі болмақ. «Baharash Architecture» компаниясының мамандары жобаны жасауда эко-кұрылыстың басты әлемдік жетістіктерін қолданбақ.

Аталған жобада 550 ыңғайлы вилла, оқу орындары және 200 квадрат километр аумақтағы күннен қуат алатын арнайы құрылғы жұмыс жасайтын органикалық фермалар жасалмақ. Күн батареялары қаланың қажеттіліктерінің жартысын өтей алады деп болжауда.

Ғимараттары тығыз орналасқан қала


«Kjellgren Kaminsky Architecture» мамандары аумағы жөнінен өз елінде екінші саналатын швед қаласы Гетеборгты келешек қаласына айналдыруды жоспарлауда. Олардың жоспарына сәйкес, құрылыс нысандары өте тығыз орналаспақ. Күннен қуат алатын батареялар мен жел диірмендері тұрғындардың тамақ және энергияға қажеттілігін толық қанағаттандырмақ.

Сонымен қатар  бұл  құрылыс жұмысы қала арасындағы қатынауды әлдеқайда жеңілдетіп, қала ортасындағы өзенді басты транспорттық жол торабы етуге ыңғайластырмақшы.

Вертикальды қала жобасы


«John Wardle Architectsта» архитекторлары мен жоба басшылары аустралиялық қала Мельбурн 100 жылдан кейін қандай болатынын ұсынып көрсеткен. «Multiplicity» атты жоба ені жағынан емес, жоғары және төмен қарай өсетін ірі мегаполисті паш етпекші.

Болашақ Мельбурнда жол торабы жер асты және әуе кеңістігінде орналасады, ал қаланың үстінен ортақ мөлдір шатыр орнатылады. Аталған шатыр астықтың өсірілуі, судың жиналуы және күн қуаты мақсатында қолданылады.

     Жаяу жүргіншілер қаласы


Пуэрто-рикалық қала Сан-Хуан қаласы да автокөліктен тұтас бас тартатын қалалардың бірі болуы ықтимал. «Great City» және Масдар қалаларына қарағанда, Сан-Хуан жаңадан салынбай, тек қайта құрылады.

Тұрғындардың азаю үрдісінің ұлғаюымен мазасызданған билік басшылары қаланың қайта құрылуына 1,5 миллиард доллар ақша жұмсамақшы. Басты міндет автокөліктерден бас тартып, көрікті жаяу жүруге арналған аумақтардың құрылуы. Сан-Хуан басшылары демалуға арналған тамаша мүмкіндіктерді қамтитын экологиялық таза қала келешекте тұрғындармен қатар туристерді де тартады деп жоспарлауда.

Шан-Суи – Қытайдың құдіретті қаласы болмақ


Шан-Суи – қытайда орналасқан  тағы бір келешек қала. Бұл жобаның жасалуымен "MAD Architects" компаниясы айналысады, ал жалпы жоба негізінде Қытайдағы су мен тауға деген құрмет жатыр.

Шан-Суи көп қабатты зәулім ғимараттардың көптігімен ерекшеленетін қала болмақ. Әрқайсысында тұрғындар мен қонақтарға арналған жайбарақат демалыс үшін орайластырған он шақты қоғамдық орын да қарастырылған. Жоба авторлары болашақтың негізі - тығыз қоныстандыруда деп есептейді. Бұл қиындықсыз кез келген орынға велосипед және қоғамдық көлікпен жетуге мүмкіндік бермекші.

3D қала


Тағы да бір ерекше жобалардың бірі – «NeoTax» жобасы. Бұл жобадағы келешек қала құрылысындағы зәулім үйлердің көп бөлігі әуе қабатында болып, аз бөлігі ғана жерге жақын орналаспақ. Бұл адамдардың жердегі тірлігін жақсартуға жағдай жасамақ екен. Қытайлар жобаны мақұлдап отырған көрінеді.

Тастан салынған қала


Бельгиялық архитектор Винсент Каплебо Қытайдың Шэнчьжен қаласының болашақ жоспары мен жобасын жасап шықты. Оның сызбасы бойынша, қала ірі теңіз тастарын бір-бірінің үстіне қойылуы арқылы бой көтермек.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: qwrt.ru

О. Сансызбай