Уақыт бір орында тоқтап қалмайды. Замана толқынымен бәрі де өзгереді. ХХ ғасырда радио мен телевизияның дамуы адамзат тарихындағы ең ірі «сілкіністердің» бірі болса, ХХІ ғасырда ғаламтордың дамуымен жаңа арнаға бағыт алды. Технологияның дамыған заманында күн санап жаңалықтар ашылып, күн санап өзгерістер орын алуда. Бір жыл бармаған қалаңыздың келер жылы қатты өзгергенін айқын аңғарасыз.
Бүгінде алып қалаларға көрік беріп тұрған нысандардың бірі – зәулім ғимараттар. Осыдан 50 жыл бұрынғы құрылыс жұмыстары мен қазіргі құрылыс жұмыстарын салыстыруға келмейді. Ал келешекте тағы қалай өзгеретінін болжап айта алмаймыз. Десе де келешекте адамдар қазіргі алып қалалардан алыстап, жанына жайлылық үшін шет аудандарда өмір сүруге асығады деген болжамдар бар. Сол мақсатта келешекте үйлер жылжымалы әрі көшуге қолайлы болу үшін ыңғайлы жасалуы мүмкін. Осы орайда назарларыңызға келешекте үйлер осындай болуы мүмкін деген мақсатта жасалған жобаларды ұсынамыз.
Әйнектен жасалған үй
«Photon Space» деп аталатын үй келешекте үлкен сұранысқа ие болуы мүмкін. Әйнектен жасалған үйді кез келген жерге құруға болады. Ал үй әйнектері күн сәулесімен келетін радиацияның 63 %-ын қорғап қалады. Үйдің ішкі бөлігін өзгелер көре алмайтындай етіп те жасай аласыз. Арнайы пульт немесе смартфонға орнатылған бағдарлама көмегімен әйнек үйдің сыртқы түсін өзгертуге болады.
Лондондық архитекторлар жасап шығарған үй алдағы жылдары 330-410 мың АҚШ доллары шамасында сатылмақ.
Алюминийден жасалған үй
«ALPOD» деп аталатын үй келешекте ыңғайлы әрі жеңіл болуы нәтижесінде үлкен сұранысқа ие болады деп күтілуде. Ал терезелері жоғары бөлігінде орналасады. Сондай-ақ үй ішінің жобасына асхана, жатын бөлмесі, қонақ бөлмесі мен дәретхана енген.
Алюминийден жасалған үй 2016 жылы сатылымға шықпақ. «Aluhouse» компаниясының атқарушы директоры Эрик Квонның айтуынша, бұл үйлер кеңсе, дүкен мен шағын дәмхана ретінде пайдалануға да ыңғайлы болады екен.
Экокапсула
Күн қуаты мен жел күшінен электр энергиясын өндіретін үйдің тиімділігі жоғары болмақ. Аккумуляторының күші 4 күнге жетеді. Нарықтағы құны 3 000 АҚШ доллары болмақ. Үйді жеткізу мен құру тегін қызмет ретінде көрсетіледі. Экокапсулада жұмыс үстелі, жиһаздар, жуыну бөлмесі, жатын бөлмесі мен дәретхана бар.
Жылжымалы шағын үй
Бельгияның «Skilpod» компаниясы жасап шығарған жылжымалы шағын үйге қызығушылардың саны артып келеді. Нарықтағы құны 67 000 АҚШ долларын құрайтын үйде бар жағдай жасалынған. Арнайы жиһаздармен жабдықталып, ауа-райына байланысты температураны бірқалыпты сақтап тұру мүмкіндігіне ие.