Қазақ халқы ауа-райын құстарға қарап қалай болжаған

«…Көк қарға он бесінде келер,

Жиырма екісінде күн мен түн теңелер,

Бұл кезде жыл есебі берілер.

Хамал мен сәуір

Отыз бір күннен келер,

Сәуір кіргенде бәбісек шақырар.

Жыл жақсы болса

Оншақты күн бұрын шақырар…»

Атақты Бекасыл жұлдызшының «Жұлдызнама» кітабының «Нау­рыздың белгісі» деген тарауында осындай жолдар бар.

Бұл күні бұрынғылар (әсіресе батыс аймақты мекендеген ағайындар) ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға төс қағыстыра сәлем береді. Көрші-қолаң бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілектер айтады.

Халқымыз Наурыз мерекесін наурыз айының алғашқы­ күнінен бастап (ескіше 1-наурыз қазіргі 14-не сәйкес), бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың белгілі табиғат тамыршысы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің зерттеуінде 8 күндік наурызнама (ескіше 1 – 8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14 – 21 наурыз аралығы) өтетінін жазады.

Қазақтар аң-құстардың да тілін түсініп, олардың іс-әрекетінен алдағы күннің қалай болатындығын­ жобалап, соған орай қам қылған. Атап айтсақ, су құстарының мезгілінен бұрын келуі ерте көктемнің хабаршысы­ көрінеді. Ал керісінше, қарақұс, сауысқан секілділер ерте келсе, көктем кешігіп, мал шығыны өте көп болатынын білдіреді.

Ата-бабаларымыз­ жұлдыздардың жарқырауынан да ауа райын болжаған. Күн қызарып шықса және  шы­ғыс­тан ақсары шапақ сәуле аспанға көтерілсе, жуық арада күн суытатынын анықтайды, яғни шығыстан суық ауа массасы келеді. Керісінше, көктем айларында күн қызарып батса, онда ертеңгі күн және бірнеше күнгі ауа райы өте жақсы қалыпты жағдайда болады екен.

Қысқасы, табиғат құбылыстарын ата-бабаларымыз осылай-ақ болжаған. Ал біздің одан түйірдей де біліктілігіміз жоқ екені өкінішті.

Дерек көзі: stan.kz