Қасқыр еркіндікті жақсы көретін аң. Оны қолға үйрету қиынның қиыны. Қасқыр қақтығыстан қайтпайды. Не жеңеді, не өледі. Әйтеуір аяғына дейін жеткізеді. Ол тек қана балғын, жаңа етпен қоректенеді. Өлексені татып алмайды. Сонымен қатар, ол өзінің маңдай терімен ұстаған олжасын ғана жейді.
Қасқырлардың тағы бір ерекшелігі ұрғашы қасқыр мен еркек қасқыр жұптарын жазбай өмір сүреді. Бір-бірін ешқашан алмастырмайды. Оларды тек қана өлім ғана ажырата алады. Бала тәрбиесіне екі жақ та атсалысады. Бір-біріне деген адалдығын қасқырлардың басты ерекшелігі ретінде атауға болады. Ұрғашы қасқыр ұйықтап жатқанда, еркек қасқыр күзетіп тұрады.
Қасқырлардың өзара қатынасы өте қатаң реттеліп отырады. Егер де араларында бір жұп әлсіз болатын болса, онда ол жұп бала туу санын шектейді. Бұл генетикалық құрамды жақсарту мақсатында жасалатыны айтпаса да түсінікті.
Одан соң мына кереметті қараңыз! Бір топ қасқыр. Ең алдында үш әлсіз әрі ауру қасқыр келеді. Егер алда бір төтенше жағдай бола қалса, алдымен солар құрбан болады. Сонымен қатар, бұл үшеуі жол таптап, кейінгілердің күшін сақтап қалуына ықпал етеді. Одан кейін 5 еркек қасқыр келеді. Бұл – негізгі топтың басы. Ортада 11 ұрғашы қасқыр кетіп барады. Олардан соң тағы 5 еркек қасқыр, ал ең соңында – басшы бөрі келеді. Ол топтың жүру барысын қадағалап, бақылап әрі реттейді. Сол үшін топтың артында жүреді.
Қасқырлар араларындағы жұп қасқырларға (яғни, еркек пен ұрғашы) құрмет көрсетеді. Олжалы бола қалса, бірінші соларға бөліп береді, жататын жерлерін де жайлы, оңашалау жерден таңдап қояды. Күшті қасқырлар әлсіздерге қамқор болады. Ал, егер де өзара заңдылықты бұзатын болса, онда олармен басқаша сөйлесуі бек мүмкін.
Бұл жыртқыш аңның бостандыққа деген ұмтылысын тарихқа таспен қашап жазуға болатындай. Неге десеңіз, қақпанға түскен қасқыр аяғын тіспен кесіп, ары қарай жолын жалғастыратындығы сөзімізге дәлел болса керек. Сондай-ақ, егер аңшылар қақпанға түскен қасқырды тез арада қолға түсірмесе, онда әлгі қасқырдың серіктестері оны жеп кетуі мүмкін. Себебі, қасқырлар өзінің тобындағы ең әлсіз, ауру қасқырларды азық ретінде жеп қоятынын біреу білсе, біреу білмес.
Кейбір қасқырлардың салмағы 100 кг дейін жетуі мүмкін. Қасқырлар экватор сызығына алыс-жақын орналасу ретіне байланысты өседі. Тропикалық қасқырлардың кәдімгі иттерден қатты айырмашылығы жоқ. Қиыр шығыстағы қасқырлардың салмағы 60 кг дейін жетеді.
1995 жылы 14 қасқыр Йеллоустон ұлттық қорығына жіберіледі. Сол кезде ғалымдар бұл қорықтың экожүйесінің өзгеретініне күмән келтірмеген болатын. Өзгергенде де жақсы жағына қарай өзгеретініне күмәнданбады. Себебі, мұнда тек қана бұғылар өмір сүретін. 70 жыл көлемінде мұнда қасқыр болмағандықтан, бұғылар патшалық құрды. Ал, бұл болса өз кезегінде жергілікті өсімдіктердің өркен жаюына айтарлықтай кедергі келтірді. Қасқырлар қорықтағы барлық бұғыны жеп тауыса алмайтыны анық, бірақ олар қасқырлар мекендейтін аймаққа аттап баспайтын болды. Міне, сондай аймақтарда өсімдіктер еркін өсе бастады. 6 жыл ішінде ағаштардың саны 5 есеге артқан. Сол кездері кеміргіштер пайда болды. Сондай-ақ, қасқырлар шибөрілердің азаюын қамтамасыз етті. Ал, бұл кезде қояндар мен тышқандардың артуы байқалды. Содан соң қорыққа аюлар келді. Олар өз аймақтарынан қасқырларды қуып шықты. Жемістердің өсуі осы жағдайдан кейін арта бастады.
Ең қызығы қасқырлар өзеннің ағысын реттеді. Өзеннің ағуы бұрынғыдан бірқалыпты күйге түсіп, өзен жағасының эрозияға ұшырауы сап тыйылды. Қалай десеңіз, бұғылардың азаюы ағаштардың, шөптердің өсуін тездетті. Яғни, өзен жағасына өскен шөп жердің қатты болуын қамтамасыз етті. Жалпы жіберілген 14 қасқырдың арқасында қорықтың бүкіл географиясы өзгерді деп айтуға болады.
Дерек көзі: Islam.kz