- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Қара теңіз түбіндегі...
Қара теңіз түбіндегі кемелер зираты
Ғалымдар Болгария жағалауынан қырықтан астам көне кемелер қалдықтарын тапты. Олар Осман және Византия Империялары кезінде батып кеткен болуы мүмкін деген болжам бар.
The Black Sea Maritime Archaeology Project аталатын экспедицияға Ұлыбританиядағы Саутгемптон университетінің теңіз археологтары қатысты. Бұл зерттеудің негізгі мақсаты Қара теңіздің геофизикалық ерекшеліктері мен тарихын зерттеу болатын. Сондай-ақ, теңіз түбінің химиялық құрамы мен судың көтерілу жылдамдығын анықтау да көзделген еді.
Ғалымдар 1,8 мың метр тереңдікке сүңгу арқылы, қашықтықтағы екі видео құрылғыға құнды бейне көрініс түсіруге және зерделеуге мүмкіндік берді. Ғылыми жұмысқа жұмылдырылған арнайы құрылғылар арқылы бірнеше рекорд жаңарды: бұрын соңды болмаған тереңдік пен жылдамдық және зерттеу аумағының үлкендігі (1250 км).
Бұл зерттеу соңында археологиялық ашылуға алып келді: Қара теңіз түбінен 41 кеме табылды. Олар тұңғиықта оттегі тапшылығынан ешқандай өзгеріске ұшырамай, алғашқы қалпында сақталған. Теңіз түбіндегі теңіз көліктері Осман және Византия Империясы заманына тиесілі деген болжамға сүйене отырып, осы қалдықтар арқылы антикалық қоғам мен олардың сыртқы әлеммен байланысы туралы толыққанды тарихи зерттеу жүргізуге болады.
А. Оралқызы