- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Қанша астероид Жерге...
Қанша астероид Жерге жақындап келеді?
Жерге қарай бес бірдей астероид жақындап келеді. Оның төртеуі де Жермен соқтығысуы әбден мүмкін. Ғалымдар аспан денелерін бұрын ашып, оларды бақылап келеді. Астероидтардың кез келгені Жерге жетуі мүмкін екені белгілі.
1979 XB
1979 XB деп аталатын диаметрі 900 метр болатын астероид сағатына 70 000 шақырымды еңсеріп, Күн жүйесін қақ жарып келеді. Аспан денесі әр секунд сайын Жерге 30 шақырымға жақындай түсуде. Бұл астероид жер маңайындағы ең қауіптісі саналады. Мамандар 1979 XB астероиды қазір алған бағытын сәл өзгертсе кез келген сәтте Жерге түсуі мүмкін. Әзірге астероид 2024 жылы Жерге жақындайды деп болжануда.
2010 RF12
Дәл қазір бұл астероид Жерден 215 миллион шақырым қашықтықта. Жылдамдығы сағатына 117 935 километрді құрайды. Диаметрі 7 метр, салмағы 500 тонна болатын аспан денесінің Жер тұрғындарына туғызатын қаупі жоқ. Болжам бойынша, 2010 RF12 алдағы бір ғасырда Жерге жете қоймайды. Дегенмен 2022 жылдың 13 тамызы күні астероид Жерден жақын маңда ұшып өтеді.
2000 SG344
2000 SG344 - Атон Астероиды деп аталатын аспан денелері тобының бір бөлшегі. Бұл ірі тастардың шоғыры 30-40 жылдан кейін Жердің өміріне әсер ететін болады. Ғарышта сағатына 112 000 шақырым жылдамдықпен саяхаттап жүрген астероид Күнді 353 тәулікте айналып өтеді екен.
2019 PDC
2019 жылдың наурызында астрономдар Жерден 57 миллион қашықта диаметрі 300 метр астероидты анықтаған. 2019 PDC астероидының мақсаты – Жер. Мерзімі – 2027 жылдың 29 сәуірі. Заманауи техника мұндай қауіпті астероидты Жерге жетпей тұрып 8 жыл бұрын анықтауға қауқарлы екен.
Астероид Жердің атмосферасына сағатына 70 мың шақырым жылдамдықпен еніп, Нью-Йорктегі Орталық саябақтың үстінде 15 шақырым биіктікте жарылады. Қуаты Хиросимаға құлаған бомбадан мың есе күшті. Нью-Йорктің 15 шақырым болатын айналасы жер бетінен жойылады.
Апофис
2004 жылы диаметрі 340 метр 99942 Apophis астероиды ашылды. NASA-ның мәлімдеуінше, ежелгі мысырдың жауыз құдайының құрметіне аталған аспан денесі 2029 жылы 13 сәуір күні Жерге 32 мың шақырым жақын ұшып өтеді. Басында Жерге соғылуы мүмкін деген Апофис астероидының Жерге құлау ықтималдығы – миллионнан бір. 340 метрлік Апофис ғалымдардың назарына алғаш рет 2004 жылы ілікті. Сол жылдардағы есептеулер бойынша, астероидтың жермен соқтығысу ықтималдығы 2,7 процентті құрап, аспан денесі ғаламшарымызға 2029 жылы жақындап келеді деп болжанған болатын. Дегенмен кейінірек ғалымдар пікірін өзгертіп, бұл уақытты 2036 жылға қарай ығыстырды. Ал қазір астероидтың Жерге соғылу ықтималдығын тіпті жоққа шығарылып отыр. Бұл болашақта астероидтарды терең зерттеуге таптырмас мүмкіндік.
Ғарышты зерттеуге арналған замануи құрылғылардың дамып жатқанына қарамастан әлі күнге дейін астрономдардың назарынан тыс қалып жатқан астероидтар жеткілікті. Мысалы, 29 маусым күні Жерге бет алған ірі астероидты астрономдар соңғы сәтке дейін байқамаған. Ғалымдар диаметрі төрт метрді құрайтын астероидты Жердің атмосферасына енген сәтте бір-ақ білген. Ауыр тас Жердің бетіне жетпей атмосферада толықтай жанып кеткен.
А. Рысдәулет