Түсі түгілі, аты суық жылан атаулы адам баласымен етене жақын, дос болыпты дегенді ести бермейміз. Десе де, Қытайдың Гуаң Доң қаласындағы А Жи есімді мына бала жыланмен 12 жыл бойы бірге тұрмыс кешіпті. Ол осы жыланмен бір төсекте ұйықтайды екен. Бұл 13 жасар баламен жыланның достығы жайлы хабар таралғалы, көптеген адамдарды таң қалдыруда. Әркім әртүрлі пікір айтады. Ал қазақ “Жылан асырасаң, шағады, жыртқыш асырасаң, қабады” деп мақалдайды. Бірақ бұл баланың өзінің де, ата-анасының да бұл “айдаһарға” деген ықыласы шексіз.
Оның әкесінің айтуынша, А Жи өмірге келмей тұрып-ақ осы бір Анаконданың тұқымын алып келген. Ал ұлы өмірге келгенде, бұл жылан алты жасар болып, ауырлығы 20 килограмнан асқан. Ал ұлы 9 айға толғанда, ата-анасы қарбалас жұмысымен ұлын айдаһардың қарауына қалдырып, емін-еркін кете беретін болған екен. Олардың айтуынша, әлі жасқа толмаған ұлы осы жыланмен ойнап қана уанатын көрінеді. Жаздың шіліңгір ыстығында бауыры суық жануар өз иесінің денесіне оралып жатып салқындатады екен. Ал қыс мезгілінде иесінің көрпесінің астында ұйықтай береді деседі.
Ал 13 жасар мектеп оқушысы: “Біз табиғатпен, ондағы барлық жан-жануар иесі дос бола аламыз” дейді.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: xinhua.net