Дүниенің тылсымы таусылған ба? Еліміз географиялық ендік бойынша қоңыржай бойлықта орын тепкендіктен, көптеген тіршілік иелері бізге таңсық. Біздегілер оларға да солай көрінетіні анық. Бірақ, қайда болсақ та, Л.М.Леонов айтқандай, «Табиғат тылсымын түсіне білген – бақытты жан» деп білеміз. Ал ендігі сөз таңғажайыптылығымен «Жұмақ құстары» аталған тіршілік иелері туралы.
Жұмақ құстары – торғай тәрізділер отрядының бір тұқымдасы. Латынша атауы – Paradisaeidae. Оған Жаңа Гвинея мен Австралия ормандарында мекендейтін 14 туысқа бірігетін 40-тан астам қанаттылар түрі енеді. Қауырсындары түрлі түске боялған сәнді, айқын ашық түсті келеді. Әсіресе, қораздары өте әсем, олардың басында, құйрығында ұзын әрі әдемі қауырсындары болады. Дене тұрқы 14 – 100 см ( кейбір түрінің құйрық қауырсыны бірнеше қабаттан тұрады, сондықтан ұзын келеді). Тұмсықтары мықты болады.
Бұлар – отырықшы құстар. Жылына бір рет қауырсындарын тастап түлейді. Өніп-өсу кезінде жұптасып, ұяларын ағаш басына салады. Ұядағы 1-2 ғана шұбар жұмыртқаны мекиені басып шығарады. Жұмақ құстары өсімдіктің жемісімен, тұқымымен қоректенеді, сондай-ақ ұсақ жәндіктерді, бақалар мен кесірткелерді де жейді. Қауырсындары сәндік үшін бас киімге тағылады.
Жұмақ құстарының кейбір түрі туралы анықтама:
Патшалық жұмақ құстары – жұмақ құстарының бір туысы. Латынша атауы – Cicinnuru. Бұл құстар Жаңа Гвинеяның Папуа аймағында және Ару, Салватти, Джоби аралдарында таралған. Олардың барлық үш түрінде де жыныстық диморфизмдері жақсы дамыған. Басқаларынан айыру үшін ең қарапайым ерекшелігі – барлығының аяқтары көгілдір түсті.
Манукодилер (Manucodia) - жұмақ құстарының бір туысы. Олар Австралияның солтүстік-шығысы, Жаңа Гвинея және оған жақын орналасқан бірқатар аралды мекендейді.
Дулыға тұмсықты – жұмақ құстары – жұмақ құстарының бір туысы. Латынша атауы – Paradigalla. Таңғажайып түске енетін құстардың бұл түрінің таралу аймағы Индонезия мен Жаңа Гвинеяның Папуа аймақтары болып табылады. Аты айтып тұрғандай, тұмсықтарымен ерекшеленеді.
Бізтұмсықты жұмақ құстары – жұмақ құстарының бір туысы. Латынша атауы – Epimachus. Осыған орай оларды кейде ғалымдар "сасықкөкек" деп те атайды. Бұлай аталуының тағы бір себебі, бізтұмсықтылардың жүйелі зерттеуден бұрын сасықкөкектер туысына жатқызылуында. Дулыға тұмсықтылармен бірге Индонезия мен Жаңа Гвинеяның Папуа аймақтарында таралған. Негізінен таулы ылғалды субтропиктік ормандарды мекен етеді. Олардың "еpimachus bruijnii" деген түрі тек қана ылғал мол түсетін, ал "еpimachus fastuosus" аталатын түрі ауасы ылғалды ормандарда кездеседі. Сипатына тоқталсақ, олардың қауырсындары ашық, құйрық жүндері ұзын, тұмсықтары июлі болып келеді.
Таңғажайып жұмсақ құстары – жұмақ құстарының бір туысы торғай тәрізділер тұқымына топтастырылады. Латынша атауы – Lophorina superba. Олар Жаңа Гвинеяның батыс өлкесіндегі және Папуадағы теңіз деңгейінен 2000 метр биіктіктегі тауларда өмір сүреді. Дене тұрқының ұзындығы – 23 см. Ересектерінің салмағы – 85 грамм маңайында. Аталықтарының қауырсыны мақпал қара түсте, ал мекиендерінікі қара қошқыл қоңыр болып келеді. Олардың бізге әйгілі болған 5 түрі бар. Бір қызығы барлығы да латынша аталған. Жекелеп айтқанда, Жаңа Гвинеяның солтүстік-батысында таралған – Lophorina superba niedda, Вейланд тауынан шығысқа қарай Гвинеямен аралығында кездесетін – Lophorina superba feminina, Адельберт таулары мен Хуен түбегін мекен ететін – Lophorina superba latipennis, Жаңа Гвинеяның солтүстік-шығысында тұрақтаған – Lophorina superba minor және Чендравасих түбегінде таралған Lophorina superba superba.
Паротиялар – жұмақ құстарының бір туысы. Латынша атауы – Parotia. Олардың төрт түрі анықталған. Түп мекені сақталған Жаңа Гвиниядан тыс жерде таралмаған. Көбею кезеңі жалғыз жұмыртқадан жүзеге асады. Екі-үштен көбею сирек кездеседі. Қораздарының түсі мекиендеріне қарағанда ашаң. Мекиендерінің бастарында ұзын алты мамық жүні болады.
Қалқантұмсықты жұмақ құстары – жұмақ құстарының бір туысы. Латынша атауы – Ptiloris. Қалқантұмсықтылар Жаңа Гвинеяның Папуа аймағы, Австралия мен Индонезия ылғалды бөліктерінде таралған. Тұмсықтары қалқан тәрізді. Олардың қорғанысы да осы тұмсықтары.
Астрапиялар – жұмақ құстарының бір туысы. Латынша атауы – Astrapia. Мекендейтін аймағы – Жаңа Гвинея. Бұларда да полигиниялық үрдіс қалыптасқан. Осыдан жүздеген жылдар бұрын адамдар олардың ұзын әрі әдемі мамық жүндері үшін аулаған болатын. Себебі, түрлі бағалы дүниелер жасауда өте-мөте қажет еді. Деректерге көз жүгіртсек, 1880 жылдар мен ХХ ғасыр аралығында осы жүндері үшін миллион құс өлтірілген.
Тіршіліктану ғылымын зерттеушілер таңғажайып түрге еніп, түрлене түсетін жұмақ құстары саны көп болмаса да, қорғаудың арқасында көбейіп келе жатқанын мәлімдеген.
Сурет: bugaga.ru, imayasdsine.files.wordpress.com,1.bp.blogspot.com, ibc.lynxeds.com, cdn.lightgalleries.net