- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Жұлдыздардан айнымайтын қуыршақтар...
Жұлдыздардан айнымайтын қуыршақтар
Ноэль Круз есімді суретші Barbie қуыршақтарын сатып алып, бастапқы бояуларын кетіріп, өзі қалаған Голливуд жұлдызының бет-бейнесін қайта салып шығады екен. Соған сай киімдерін жаңартып, аксессуарларды жасау арқылы қуыршақ образын толықтыра түседі.
Қуыршақтардың кескіндемесін жасау арқылы бұл шебер танымал болды. Оның топтамасында қазірдің өзінде Шер, Анджелина Джоли, Гарри Поттер, Джонни Депп, Энн Хэтэуэй, Шарлиз Терон, Элизабет Тейлор, Мэрил Стрип, Кирстен Данст, Уитни Хьюстон және басқа да танымал кейіпкерлер бар. Әлемге әйгілі жұлдыздардың қуыршақ көшірмелері онлайн бәссаудаларда мыңдаған долларға сатылады. Ең қымбат қуыршақ — Анджелина Джолидің бейнесіндегі барби. Ол 4 300 доллар тұрады.
Ноэль Круз көп балалы кедей отбасында туған, еңбекке ерте араласуға мәжбүр болған. Бала 12 жасында алғаш рет теледидарда «Әлем аруы» шоуын көріп, сұлулыққа тәнті болады. Бұл оның сурет салуға деген ынтасын оятады. Ноэль арнайы суретші мектебін бітірмей-ақ, портреттер салуға тапсырыстар ала бастайды. Отбасын құрғаннан кейін әйелі екеуі АҚШ-қа көшіп барады. Сол кезде жұбайы қуыршақтар топтамасын жинаумен айналысуды хоббиіне айналдырады. Әйелінің жинағын толтырып жүргенде, Ноэль қолмен боялған қуыршақтар да болатынын байқайды. Көп ұзамай ол өзі осы іспен айналысуды бастап кетеді. Енді, міне, 8 жылдық тәжірибе оған әлем бойынша танымал болуды бұйырды.
А. Оралқызы