Панаманы Тынық мұхиты мен Атлант мұхитын, Солтүстік және Оңтүстік Американы байланыстырып тұрған көпір деп батыл түрде айтуға болады. Бұл елдің кереметтей контрастарымен, табиғи байлықтарымен аты шыққан. Панаманы қалай ерекше демейсіз? Адам бағындыра алмаған джунглилер заманауи зеңгір үйлермен, ал сан мың ғасырдан бері бұзылмаған үндістердің қызықты дәстүрлері ХХІ ғасырдың техникасымен "көршілес" жатыр емес пе?
Панамаға аяқ басқан турист Тынық мұхитының жағасында отырып таңғы асын, Кариб теңізінің толқынына қарап отырып кешкі асын іше алады. Астыңызда жеңіл көлігіңіз болса, елді бір сағатта толық аралап шыға аласыз. Ал шопингсүйер қауымның тіптен жаны кіреді дер едік. Себебі, бұл жерге әлемнің бұрыш-бұрышынан құнды тауарлар әкелінеді. Әлемнің сегізінші кереметі атанып жүрген Панама каналында суретке түсудің өзі неге тұрады?
Осындай ерекшеліктерден басқа Панаманы әлемге танытып жүрген Бокас-дель-Торо архипелагы да құрметке лайықты. Әсіресе, серфинг, сноркеллинг және дайвингпен айналысатындар үшін идеал мекен саналады. Архипелагты 1502 жылы Христофор Колумб ашты.
Осындағы Бокас-дель-Драго жағажайының өзі құпияға толы бір әлем. Бұл атауды қазақ тіліне аударғанда "Аждаһаның араны" деген мағынаны білдіреді. Атаудың сізді селт еткізгенін білеміз, ал заты тіптен басыңызды шайқатады.
Иә, бір қарағанда мөлшері де тым үлкен емес, суы да тыныш. Бірақ оның жағасын мекендейтін теңіз жұлдыздары "Аждаһаның аранына" сән де, мән де беріп тұр. Мұны көргенде алғашқы ойыңыз үшін ұялып та қаласыз. Яғни, мұнда келген адам осыдан 450 миллион жыл бұрын пайда болған теңіз мекендеушілерінің өмірін тамашалай алады. Оларды көру үшін теңізге сүңгудің де қажеті жоқ. Жағалаудың өзінен көлемі мен сыртқы келбеті сұлу жұлдыздар айқын көрініп жатыр.
Әрбір қадам сайын жұлдыздарды қолымен ұстауға болмайды деген кестелер ілінген. Және судан шығаруға да болмайды, өйткені, олар сусыз өмір сүре алмайды.
Бокас-дель-Драгоға таң ертең және жұмыс күні келген дұрыс. Басқа уақытта жағажай маңы фотоаппарат ұстаған туристер мен жергілікті тұрғындарға толы болады.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com