Жұлдызаралық кометаның құрамында су болуы мүмкін

Жұлдызаралық кометаның құрамында су болуы мүмкін
Фото: Fotos Públicas

NASA ғарыш агенттігінің Хаббл телескобы 2I/Borisov атты жұлдызаралық комета туралы тың деректерді ұсынды. Аспан денесінің жылдамдығын есептеп, оның Күн жүйесіне ғарыштың арғы түкпірінен келгенін анықтаған болатын. Енді ғалымдар The Astrophysical Journal Letters журналына берген мақаласында құйрықты жұлдыздың су буын бөлетінін мәлімдеп отыр.

Ғарыш түбінен келген құйрықты жұлдыз

2017 жылы адамзат баласы алғаш рет Күн жүйесіне қонақтап келген жұлдызаралық кометаны байқаған. Ғалымдар Күннен 38,5 миллион шақырым қашықтықта (Меркурий Күннен 58 миллион шақырымда орналасқан) ұшып өткен құйрықты жұлдызға "Oumuamua" деген атау берді. Кейін белгілі болғандай бұл аспан денесі кәдімгі жартас болып шықты. Ал 2I/Borisov – өзге жұлдыз жүйесінен келген толыққанды құйрықты жұлдыз. Адам баласы байқаған екінші жұлдызаралық кометаның заманауи ғылымға әсері мен берері көп. Оны зерттеу арқылы Күн жүйесінен өзге жүйедегі ғаламшарлардың түзілуі, химиялық құрамы және планеталық құрылыс шаң-тозаңдарының түсінігін қалыптастыруға негіз болады.

2I/Borisov кометасы Күнді айнала ұшып жүр. Дегенмен уақыт өте біздің жұлдыздан алшақтап келеді. 2020 жылдың ортасында құйрықты жұлдыз шамамен 500 миллион шақырымда Юпитердің маңынан өтіп, қайта жұлдызаралық кеңістікке ұшады. Келесі жұлдызды жүйеге жету үшін аспан денесі әлі миллиондаған жыл серуендейді.

Кометаның жылдамдығы сағатына 177 мың шақырымды құрайды. Дегенмен ғалымдар Хаббл телескобының оны түсіруге қауқарлы екенін айтады. Осыған дейін зерттелген кометалардың басым бөлігі Күн жүйесін қоршаған Оорта бұлтының (Нептун орбитасынан кейін орналасқан Койпер белдеуі) мұз бөлшектерінің сақинасынан түзілген. Борисов пен Оумуамуа кометалары ғылымдағы жұлдызаралық құйрықты жұлдыздардың жаңа түсінігін қалыптастыруға негіз болады. Күн жүйесіне тұрақты келетін жұлдызаралық кометалардың басым бөлігі әлсіз болғандықтан оларды зерттеу қиынға соғатын.

Ұшатын заттектер

Қайдан шыққан су дерсіз. Ғарышта серуендеп жүрген кометалардың ерекшелігі – ұшатын заттектер. Ғаламшардың түзілу кезінде маңызды рөл атқаратын, оның физикасы мен химиялық процесстерін құрайтын ұшатын заттектер құйрықты жұлдыздың мызғымас бір бөлігі. Қазірге дейін ғалымдар Күн жүйесіндегі біршама кометалардың неден тұратынын зерттеген. Сол себепті біздің жүйедеге қандай процесстердің болғанын болжай алады. Ал экзопланеталар әлі күнге ғалымдар үшін жұмбақ күйін сақтап келеді. Оларды зерттеу Ғаламда тіршіліктің қалай пайда болғанын түсінуге көмектесіні анық.

Күн жүйесіндегі құйрықты жұлдыздардың басым бөлігі суға бай. Кейбір зерттеугелерге сәйкес, Жердегі су кометалар мен астероидтардың құрамына енген. NASA-ның Годдард атындағы ғарыш ұшу Орталығының ғалымы Адам Маккей мен оның әріптестері жұлдызаралық кометаларды зерттеп, құрамындағы судың қаншалықты екенін қолға алды. Олар Нью-Мексикодағы Астрофизикалық зерттеу консорциумындағы (ARC) заманауи ARCES құрылғысының көмегімен кометада су бар екенін анықтаған.

2I/Borisov кометасының ерекшелігі неде?

Комета ашылғаннан бері екі айға созылған зерттеудің нәтижесінде жұлдызаралық құйрықты жұлдыз цианид, екі атомды көміртек және Күн жүйесіндегі кометаларда кеңінен таралған өзге екі затты шығаратыны белгілі болды. Осы арқылы ол Күн жүйесіндегі өзге кометаларға ұқсайтыны анықталды.

Дегенмен ғалымдар әзірге нақты бір жауапты айтуға ерте екенін айтады. Әлі де зерттеулер қажет. 2I/Borisov бізге таныс кометаларға ұқсас болуы Күн жүйесінің түзілуі ерекше емес екенін аңғартады. Бұл дегеніміз Ғаламда Күнге ұқсас жұлдыздар мен жүйелердің бар екенін білуге болады. 2I/Borisov кометасы Күнге 2 желтоқсан күні жақындай түседі. 

 
А. Рысдәулет