Адам баласының жан-жануарды құтқаруға, көмек беруге мүмкіндігі жеткілікті. Мәселен, көшеде аштан өлгелі жатқан мысыққа не болмаса күшікке көмек қолын созып, жануарларды былғары үшін өлтіруге қарсы шаралар ұйымдастырып, сырқатты хайуанаттарды дәрігерге апара аласыз. Алайда, адамның жануардың көмегіне зәру болатын сәттері де болады екен. Мұндайда олар қандай әрекеттерге барады?
Ғаламтор беттерінде бірнеше жыл бұрын американдық Мэри Краниктің басынан өткен таңғажайып оқиға қызу талқыға түсуде. Оқиға былай болған: жүктіліктің сегізінші айында жүрген әйелдің басқа қаладан үйіне келе жатып көлігі бұзылып қалады. Дәл сол сәтте бұрқасын дауыл соғып тұрғандықтан айналада не болып жатқандығы да көрінбейді. Не істерін білмеген американдық ханым жолда бір көлік кездесіп қалар деген оймен көліктен шығып, жаяу жүре бастайды. Боран одан сайын үдей түседі. Есі шыққан Мэри бар күшін салып 800 метр жол жүреді. Кенет толғағы басталып кетеді. Әйел қары аз деген жерді тауып, отыра бергенде қатты ауырсыну мен қорқыныштан есінен танып қалады.
"Бірнеше минуттан кейін есімді жидым. Менің басым алып қасқырдың белінде жатыр, бұл үйірдің басшысы секілді. Қалған қасқырлар мені желдің суығынан сақтау үшін дөңгелек жасап тұр екен. Олардың саны тоғызға жуық болды. Қорқуға да үлгермедім, толғақ жанымды көзіме көрсетті. 20 минуттан кейін сәбиді дүниеге әкелдім. Бір қаншық қасқыр абайлап қана кіндікті кесті де, жанындағы құрбысы екеуі сәбиді жалай бастады. Басқа қасқырлар мені жылытпақ болып одан сайын жақындай түсті", - деп еске алады Мэри.
Әйел баланы қолына алмақ болғанымен әлі жетпейді. Кіндік кескен қасқыр, баланы мұрнымен Мэридің кеудесіне тіреп тұрады. Баланың жылаған даусынан тірі екені білінеді де, аздан соң Мэри сәбиін емізе бастайды. Үйірдің басшысы оның бетіндегі қар мен жасты жалаған екен. Бәрі де соңына дейін әйел мен баланы қоршап тұрады.
Мэри Краниктің туыстары қараусыз қалған көлікті тапқаннан кейін іздеу жұмыстарын күшейте түседі. Іздеушілер алыстағы қасқыр тобын көргенде бір сұмдық болды деген оймен оқ атады. Қасқырлар қашып кетеді. Туыстары ағаш түбіндегі әйел мен баланы тірі екендіктерін көргенде таңғалады. Ал қасқырлар бала мен ананы біржола алып кеткенше алыстан бақылап тұрған көрінеді.
Мэри Краник күні кеше ғана тілшілерге сұхбат беріп, кішкентай Билл (қасқырлар босандырған ұлы) екеуінің бір үйір қасқырды іздеуге шығатындығын мәлімдеген.
Қандай ғибратты оқиға десеңізші!? Жалпы, біздің қазақ халқы қасқырдың қадірін қадым замандардан-ақ білген, Көк-Бөріні қасиет тұтқан. Көк Бөріге қатысты оқиғалар ежелгі үйсін, түркі және моңғол аңыздарында кездеседі. Қытай жылнамашылары Бей-ши және Суй-шилердің айтуынша түріктердің арғы тегі батыс теңізінің жағалауында өмір сүрген ғұн тайпасының Ашин атты ақсүйек руынан шыққан екен. Бірде көрші рудың адамдары бұларды бірін қалдырмай қырып кеткен. Тек жалғыз ғана тоғыз жасар ұлдың қол-аяғын бірдей кесіп, азаппен өлсін дегендей өзін көл жағасындағы қалың қамыстың арасына тастап кетеді. Оны қаншық қасқыр тауып алып, асырап, ақырында оның балаларының анасы болады.
Жаулардан қашып сол бөрі Алтай тауының аяқ баспас үңгіріне жасырынып, сол апанда он ұл табады. Ендігі бір қисында қаншық қасқыр Тұрфанның теріскейіндегі Шығыс Тянь-Шань тауларына тығылған дейді. Сөйтіп, оның ұлдарының бәрі Тұрфанның қыздарын таңдаған. Ал Ашинның немересі сол тайпаның көсемі болған. Ашина деген сөз «мейірімді бөрі» дегенді білдіреді. Өздерінің арғы анасы Ашинаға көрсетілген құрмет-парыз ретінде олар өз руының туына бөрінің басын бейнелеген екен. Қазақ әдебиеті қасқыр туралы шығармаларға да бай, былтыр ғана көрерменге жол тартқан "Шал" фильмінде де қасқырдың қасиеті туралы айтылады.
Қасиет демекші, қасқырдың азу тісі түріктерге тұмар болған, ал қазақтар оны малды аман сақтайды деп, жаңа қонысқа іліп қойған. Қасқырдың азуы мен тырнағын, жалы мен құйрық жүнін жас нәрестені көз тиюден сақтайды деп бесік арқасына ілген. Ол әлі күнге дейін ересектер мен балалар киімінде көрініс тауып жүр емес пе? Халқымыз қазір де ержүрек, батыл жігіттерді Көк Бөріге теңеп, батылдық пен батырлықтың нышаны ретінде таниды.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: wallpapergang.com, vk.com, kazakhfilmstudios.kz