Өркениет дамыған сайын жануарлар популяциясы да өзгеріп жатыр. Дегенмен ғалымдар әлем бойынша "Қызыл кітапқа" енген жануарларды қадағалап, олардың жойылып кетпеуін бақылайды.
Ұлыбританиядағы Ньюкасл университетінің зерттеу тобы BirdLife International ұйымымен бірге 1993 жылдан бері адам баласы қанша жануарды толық жойылып кетуден аман сақтап қалғанын анықтады. 30 жылға жуық уақытта ғалымдар мен еріктілер, табиғатты қорғау ұйымдары мен мемлекеттердің жасаған шараларының арқасында құстың 21-32, ал сүтқоректінің 7-13 түрі жойылмай сақталып қалған. Оның ішінде Пуэрто-Рико амазоны, Пиреней сілеусіні мен Керқұлан (Пржевальский жылқысы) секілді жануарлар бар.
Пуэрто-Рико аралын тотықұстың ерекше түрі мекендейді. Жергілікті жердің құрметіне аталған тотықұс 1975 жылы толықтай жойылып кетудің алдында тұрған болатын. Әлемде бар болғаны 13 Пуэрто-Рико амазоны қалған. Жылдар бойы тотықұстар жойылып кетпеу үшін өздігінен күресті. Дегенмен 2006 жылы ғалымдардың көмегімен тотықұстарды Рио-Абаходағы мемлекеттік паркке әкеліп, оларды аман сақтап қалды.
1960 жылдары табиғатта саусақпен санарлықтай керқұлан қалған. Олардың көбі қорғалатын аумақтарды мекен етті. 1990 жылға қарай Керқұланның популяциясын қайта қалпына келтіру бойынша шаралар жасалды. Осының арқасында 1996 жылы жабайы табиғатта біраз уақыттан бері алғашқы керқұлан туды. Қазіргі таңда 760 бас керқұлан бар, оның көбі Моңғолияны мекендейді.
Жануарлардың жойылып кетпеуі үшін ғалымдар көптеген шара жасайды. Құстарды аман алып қалу үшін адамзаттың кесірінен тіршілік етіп жүрген мекенінен айырылып, басқа жаққа көшуге мәжбүр болған жануарлармен күреседі. Ал сүтқоректілерді қорғалатын аумақтарға не хайуанаттар бағы әкеледі. Осының арқасында көптеген жануарлар жойылып кетпей отыр.
Бүгінде жойылып кету қаупі кез келген жануарға төнуі мүмкін. Кез келген жағдайға жылдам бой үйренісіп кететін кәдімгі аламанның (Cricetus cricetus) өзіне қауіп төніп тұр. Ғалымдар кейінгі жылдары аламанның популяциясы нашарлап, аз ұрпақ беретінін айтып, дабыл қағуда. Ал ғаламшарымыздың кейбір аумағында аламандар мүлдем жойылып кеткен. Бұған ауыл шаруашылығында зиянкестермен күресу үшін қолданылатын түрлі химикаттар себеп болып отыр. Оған қоса жануарларға әлемдегі ластану кері әсерін тигізіп жатқаны анық.