Биологтар Индонезия аралдарының бірінде ең үлкен ара саналатын Уоллесті (Megachile pluto) кездестірді, - деп хабарлайды New Scientist.
Бұл ара түрі 1981 жылдан бері зерттеушілер көзіне түспеген. Нәтижесінде жер бетінен жойылып бара жатқан жәндіктер қатарына енген еді.
Әлемдегі ең үлкен араны Сидней университетінің биологы Саймон Робсон және оның әріптестері тапты. Олар бұл ара түрін биіктігі 2 метр болатын ағаш басынан кездестірген.
- Бізге келді де, қайта ұясына ұшып кетті. Біз соңынан қуып жүріп, көз жазып қалмауға тырыстық. Ұясын көргенде бір-бірімізді құшақтап, құттықтадық. Қаншама жылдан бері іздеп жүріп, біз оны таптық. Расымен де әлі кездеседі екен. Жойылып кетпепті, - деді Саймон Робсон.
Бұл қара араның қанаты 6 сантиметрге жетеді. Олардың басы да үлкен болып келеді. Алғаш рет 1859 жылы бұл араны британдық энтомолог Альфред Уоллес кездестірген. Аты сол зерттеуші құрметіне қойылған.
Алып аралардың азаюы - орманның қырқылуына байланысты. Сондай-ақ бұл араларды аулап, асырауға қызығатындар да көп екен.
Жабайы табиғатты қорғау ұйымы 2017 жылы бұл араны іздеуге тиіс 25 жануар мен жәндіктің тізіміне қосқан болатын.