Жолаушыларды ажалдан құтқарған жұмбақ стюардесса кім?

Жолаушыларды ажалдан құтқарған жұмбақ стюардесса кім?

Таиландта Thai Airways International әуекомпаниясына тиесілі ұшақтың апаттық қонуынан кейін жолаушыларға бірден көмек қолын созған стюардессаға іздеу жарияланды. Бұл іздеуді Таиланд әуежайларын басқару Ұлттық Комиссиясы жариялап отыр.    

Бұл оқиға былай болған. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, әуелайнер 15 қыркүйекте Қытайдың Гуанчжоу қаласынан ел астанасы Бангкокке аттанған екен. Кейін белгілі болғандай, қонар алдында ұшақтың шассиінен ақау шығып, ол Бангкок әуежайына апаттық жағдайда қонған. Сол кезде пилоттар машинаны басқара алмай, соның нәтижесінде ол ұшып-қону жолынан шығып кетіп, жолындағы кедергілерді қиратып барып қана тоқтайды. Абырой болғанда, апаттан ешкімнің өмірі қиылып немесе ауыр жарақат алған жоқ. Дегенмен осы оқиғадан кейін он шақты адам жеңіл жарақаттармен дәрігерлер көмігіне жүгінгені белгілі болды.  

Ең қызығы, ұшақтың ішінде болған куәгерлердің айтуынша, апаттан кейін оларға үстінде тай ұлттық киімі бар, сабырлы және жүзінде ешқандай қобалжу жоқ, өте әдемі, белгісіз бір стюардесса қыз көмек қолын созған. Дегенмен адамдардың барлығы дерлік оның төсінен есімін оқи алмағандықтарын айтып отыр. Ол бірден адамдарды сабырлыққа шақырып, олардың әрқайсысына ұшақтан шығуға өз қолымен көмектескен. Осы бір жұмбақ қыздың арқасында жолаушылар да ұшақтан дін аман шығып, әуежайға жеткізілген. Тағы да бір таңқаларлық жағдай, эвакуация аяқталғаннан кейін стюардессаны ешкім көрмеген болып шықты. Ал ұшақтағы стюардессалар ондай адамды қастарынан мүлдем байқамағандықтарын айтып ағынан жарылып отыр.

Кейін осы апаттың тергеу жұмыстары басталған кезде, борттағы барлық стюардессалар ұшақ қонған кезде үстеріне тек әуекомпанияның киімін ғана кигендіктерін айтқан. Жалпы Thai Airways компаниясында қызметкерлер ұлттық киімді тек ұшақ әуеде қалықтағанда ғана киіп, ал қонар алдында барлығы компанияның формасын киюге тиісті.  

Тергеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ал экстрасенстер болса апат кезінде бортта пайда болған «қайырымды періштені» 1998 жылдың желтоқсанында осы Thai Airways компаниясының апатқа ұшыраған ұшағында қайтыс болған стюардессаның елесі деп отыр. Сол кездегі қайғылы оқиғада бортта болған 143 жолаушының 102-сі оқиға орнында көз жұмған еді. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: krasfun.ru

Б. Қосмағамбет