- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Жоғалған малайзиялық ұшақ...
Жоғалған малайзиялық ұшақ Үнді мұхитында апатқа ұшыраған
Бүгін, дүйсенбі, 24 наурыз күні осы айдың басында (8 наурызда) Malaysia Airlines әуекомпаниясына тиесілі Boeing-777 ұшағының із-түссіз жоғалып кету себебі анықталып, ресми түрде хабарланды. Мәлімдемеден белгілі болғандай, әуекемесін ешкім ешқайда ұрлап әкетпеген. Malaysia Airlines әуекомпаниясы таратқан хабар бойынша, ұшақ Үнді мұхитының оңтүстік аймағына құлап түскен.
Кейін бұл хабарды ел премьер-министрі Наджиб Разак та растады. Одан бөлек, ол бұл суыт хабарды жолаушылардың туған-туыстарына жеткізгенін де хабарлады:
«Біз бұл жағдайдың дәл осылай қайғылы аяқталғанына үлкен өкініш білдіреміз. Ұшақтың апатқа ұшырап, мұхит айдынына құлағанына еш күмән жоқ. Біз ұшақтың шындығында да Үнді мұхитына құлаған фактісін мойындауымыз керек»,-деп мәлімдеді Наджиб Разак.
Reuters агенттігі хабарлағандай, алдын-ала болжамдар бойынша, Boeing бортында болған адамдардың бірде-біреуі аман қалмаған.
Қазіргі кезде тергеушілер Boeing-777 кемесін басқарған пилоттардың өмірбаяны мен жұмыс орнындағы барлық фактілерді мұқият тексеруде. Осыған байланысты осыдан бірнеше уақыт бұрын ұшақтағы екінші пилот Фарик Абдул Хамид жөнінде қызықты ақпарат тараған еді. Ол бойынша, Абдул Хамид Boeing-777 ұшағының тізгінін осымен тек бесінші мәрте ұстаған көрінеді. Ал 8 наурыз күні ол тұңғыш рет толыққанды экипаж мүшесі ретінде, яғни инспектордың қадағалауынсыз ұшқан.
Алайда Malaysia Airlines әуекомпаниясы бұл жағдайдың болған оқиғаға еш қатысы жоқ дегенді айтады: бұл көпшілік компанияда болатын пилоттар арасындағы тәжірибе жұмысы. Оның үстіне, осыған дейін басшылық пен инспекторлардың Абдул Хамидке бірде-бір шағымы не ескертуі болмаған екен.
Сондай-ақ бүгін іздестіру жұмысымен айналысып жатқан топқа қосылған Аустралия елінің бір кемесі кеше Қытай жер серігі ғарыштан түсіріп алған аймаққа (Қытайлық жер серігі Үнді мұхиты бетінен апатқа ұшыраған ұшаққа тиесілі бөлшектерді тауып алған) аттанып кетті.
Естеріңізге салар болсақ, Malaysia Airlines әуекомпаниясына тиесілі ұшақ 8 наурызға қараған түні Оңтүстік Қытай теңізі үстінде ұшап бара жатқан жерінен радардан ғайып болған. Boeing-777 әуекемесі Куала-Лумпур – Пекин маршруты бойынша кезекті рейсіне аттанған еді. Оның бортында барлығы 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған. Лайнердегі жолаушылар арасында бір Ресей, екі Украина және 150-ден астам Қытай азаматтарының болғандығы белгілі болып отыр.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: larryferlazzo.edublogs.org
Б. Қосмағамбет