Жеуге жарамды қалыңдық көйлегі

Қазіргі таңда заманауи қалыңдықтар өздерінің тойларында жалға алынған, арнайы тапсырыспен тіктірілген немесе дүкендерден сатып алынған көйлектерді кигенді жөн көріп жатады. Алайда, сол бағасы удай көйлектердің той біткен соң еш керекке жарамастан тұрып қалып жататындығына шағым айтатындар қатары да жоқ емес.

Атақты колумбиялық аспаз Хуан Мануэль Барриентос «Colombiatex fashion show» жобасы барысында бұл қиындықтың шешімін тапты. Қалай дейсіз бе? Ол ойлап тапқан көйлектер көздің жауын аларлықтай әдемі ғана емес, жас-жұбайлар үшін дәмі тіл үйірер тағам бола алады. Яғни, көйлекті тойдан кейін сандығыңызға сақтап қоюдың орнына, қонақтарға тіске басар ретінде тарту етесіздер.

Мұның сыры  көйлек істелінген материалда жатыр. Көйлек қант глазурі жалатылған раушан гүлінің жапырақтарынан жасалған.

Алыстан көз жібертер болсаңыз, көйлектер тоқылған немесе бүрмеленген матадан жасалған болып көрінеді. Сәл ғана жақындар болсаңыз, олардың қарапайым раушан гүлінің жапырақтары екендігін анық байқайсыз. Көйлек жасау үшін алқызыл, қызыл, сарғыш және ақ түсті жапырақтар пайдаланылған.

Сондай-ақ қалыңдықтың әшекей бұйымдары, шаш қыстырғышы, қолына ұстап шығатын гүлі – бәрі де жеуге жарамды тағамдардан жасалған. Қалыңдығыңыз мұндай киімді киер болса, ешқандай тортқа тапсырыс бермесеңіз де болады.

Суреттер:d-jennifer.livejournal,kulturologia.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева