Жыл сайын біздің ғаламшарымызда мыңдаған жер сілкінісі тіркеледі. Кейде жер асты дүмпулерінің қатты болғаны соншалық қалалар қирап, жақын маңдағы тұрғындар мерт болады. Заманауи ғылым соңғы ғасырда дамығанына қарамастан әлі күнге жер сілкінісін алдын ала болжай алмайды.
*Жер сілкінісі – геологиялық құбылыс. Олар – кез-келген жерде пайда болуы мүмкін. Жер сілкінісінің ошағы жер қойнауында қалыптасады. Геологиялық ортадағы жылжулар, бірігулер, жарылулар,ортаюлар секілді тез өзгерістер жер сілкінісінің пайда болу себебіне жатады.Әрбір жер сілкінісі кезінде осы жарылыс нәтижесінде жер қойнауында жинақталған энергияның бір бөлігі сыртқа шығарылады. Жер сілкінісінің басты себептері ретінде жер қыртысы платформаларының қозғалысы мен қимылдауын айтуға болады. Мұндай қозғалыстар орын алған аймақ жер сілкінісінің ошағы деп аталады. Ал жер сілкінісі ошағының жер бетіндегі нүктесі эпицентрі болып саналады.
Бүгінде жер сілкінісін алдын ала болжайтын әдіс жоқтың қасы. Кейінгі 100 жылда жер асты дүмпулерінің жиілігін тіркеп, оның қуаттылығын есептеп қана жүрміз. Ғалымдар Қытай, Жапония, Индонезия, Филиппин және Мексика аумағында жер сілкінісі жиі әрі қуатты болатынын айтады. Бұл елдерде қуатты жер дүмпулері болып, уақыт өте қайталанады. Алайда қашан және нақты қай жерде жер қайта сілкінетіні туралы ақпарат жоқ.
Тарихта жануарлар бүкіл қаланы құтқарып қалған оқиға да болған. 1973 жылы Қытайдың Хайчэнь аймағында ірі жер сілкінісі тіркеледі. Апат болмай тұрып бір күн бұрын тұрғындар кішігірім жер дүмпуін сезген. Осыдан кейін жақын маңдағы барлық тышқан мен жылан індерінен кете бастайды. Мұны байқаған тұрғындар бір жамандықтың болатынын сезеді. Қала билігі ұзақ ойланбастан тұрғындарды көшіре бастайды. Бір күннен соң 7,3 балдық жер дүмпуі болады. Салдарынан 1328 адам көз жұмды. Егер тұрғындар ешқайда көшпей, күнделікті тіршілігін жалғастырса қайтыс болғандардың саны едәуір көп болар еді.
Ғалымдар тышқан мен жыланнан басқа құмырсқа, бақа мен құстар жер сілкінісін алдына ала сезетінін айтады:
– жер сілкінісін сезген құмырсқа күн болсын, түн болсын дереу илеуін босатып, "жан сауғалап" кетеді екен. Мұны 2013 жылы неміс ғалымдары байқаған;
– бақа болса жер сілкінбей тұрып бірнеше күн бұрын тоғаннан кетіп, қауіпсіз жерге орналасады екен. 2009 жылы Италияның Л’Акуила қаласында жер сілкінбестен бұрын бақалар жаппай көшкен;
– құстар апаттан бірнеше күн бұрын бірге топтасады не суға ұмтылады. 2011 жылы АҚШ-тың шығыс жағалауында болған жер сілкінісі кезінде хайуанаттар бағындағы 64 қоқиқаз топтасып, өздерін қауіптен қорғаған.
Ғалымдар жер сілкінісін болжайтын құралды қалай ойлап табамыз деп бас қатырып жүргенде, табиғаттың сыры ашылды. Жануарлардың Жер сілкінісін сезетін қасиетінің барын бұған дейін біраз зерттелген. Бірақ бұл тұжырым ғылыми тұрғыда расталмай келді. Жақында Еуропа ғалымдары бұл феноменнің рас екенін дәлелдеді.
Ғалымдар мына факторға баса мән берген: жануарлар Жер сілкінісін алдын ала сезіп, жүрісі, мінез-құлқы өзгеруі тиіс. Бұған дейін жасалған тәжірибелерде бұл фактор аса қатты еленбеген екен.
Тәжірибе жасаушылар алты сиыр, бес қой, екі итке арнайы сезбек (датчик) орнатқан. Дәл осы жануарлар Жер сілкінісіне аса сезімтал екен. Жануардың барлығы Италиядағы фермада болған. Кейінгі бірнеше жылда бұл аймақта Рихтер шкаласы бойынша магнитудасы 6,6-ға дейінгі 18 мың ірілі-ұсақ Жер сілкінісі болған.
Зерттеушілер сейсмикалық белсенділік кезіндегі жануардардың мінез-құлқын бақылай отырып, олардың Жер сілкінісін алдын ала сезетінін анықтаған. Жануар эпицентрге қаншалықты жақын болса, соншалықты ертерек сезетін болған. Кей жағдайда 18 сағат бұрын сезген екен.