Атмосфераның ластануы соңғы жарты ғасырдағы адамзат баласының басты проблемасына айналды. Заманауи техниканың дамуымен қатар оның табиғатқа тигізетін кері әсері де артып келеді.
Атмосфераның ластануы табиғи және антропогенді жағдайда жүруі мүмкін. Табиғи жолмен ластану жанартаудың атқылауына, тау жыныстарының үгітілуіне, шаңды дауылдардын тұруына, орман өрттеріне теңіз тұздарының желмен аспанға көтерілуі мен ауадағы сулы ерігінді тамшыларының құрғауына, өлген организмдердің іріп-шіруі процестеріне байланысты. Ал атмосфераның жасанды ластанудың көздеріне өнеркәсіптік кәсіпорындар, көлік, жылу энертетикасы, тұрғын үйлерді жылыту жүйелері, ауыл шаруашылығы жатады.
Descartes Labs зерттеушілері дүниежүзінің ластану картасын жасап шықты. Картада әлемнің ең лас жерлері ақ түсті дақпен көрсетілген. Бұл аумақта жану кезінде пайда болатын диоксид азотының мөлшері адамзат өміріне қауіпті деңгейге жеткен.
Ауаны ластайтындар қатарында автокөліктер, электр станциялары, зауыттар, құрылыс техникасы, тіпті, көгал шапқыш бар. Сондай-ақ, орманның өртенуі де кері әсер беретіні сөзсіз.
Негізінен өнеркәсіп көп орналасқан аумақтар мен ірі қалалардың ауасының ластануы жоғары деңгейге жеткен. Дегенмен картадан мұхиттың да ластанғанын көруге болады. Бұл сауда және тасымалдаушы кемелердің жүріп өтетін жолдары.
Картаны 2017 жылдың қазан айында ұшырылған Sentinel 5P ғарыш серігінің көмегімен жасаған. Зерттеушілер ғарыштан түсірілген суреттерді жинастырып, бір ретке келтірген. Еуропа ғарыш агенттігі Sentinel 5P серігін Жер шарының жағдайын қадағалап отыру үшін ұшырған болатын. Бұдан бөлек Жердегі өсімдіктердің деңгейін, температураның ауысуын, тіпті, антарктикалық мұздықтардың жарылуын қадағалайтын серіктер бар.
Бұған дейін Numbeo деп аталатын тәуелсіз статистикалық сайт Еуропада ең қатты ластанған қалалардың рейтингін жариялаған болатын. Экологтар қалалардағы түрлі факторлар (ауаның ластануы, өндіріс орындары, тұрмыстық қалдықтар, т.б.) негізінде түзіп шыққан.
Pollution Index 2018 Mid-Year рейтингінде ең қатты ластанған қалалар тізімін Македонияның Тетово қаласы бастап тұр. Ластану индексі бойынша 97,57 балл берілген. Екінші орынға Италияның Неаполь қаласы орналасқан. Бұл қаланың ластану индексін экологтар 84,61 баллмен бағалаған. Одан кейінгі орынға Македонияның астанасы Скопье орналасқан. Еуропада ең қатты ластанған 10 қаланың тізіміне Тирана (Албания), Турин (Италия), Бухарест (Румыния), Сараево (Босния және Герцеговина), Краков (Польша), Пловдив (Болгария) және Киев (Украина) қалалары енген. Ал Финляндия елінің астанасы Хельсинки Еуропадағы ең таза қала саналып отыр.