- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Жер қыртысында өте...
Жер қыртысында өте аз таралған элемент
Никельдің мәлім болғанына екі ғасырдан асып кетсе де, оны алу тәсілдері әрі қиын, әрі күрделі болғандықтан, іс жүзінде өткен ғасырдың аяғында ғана қолданыла бастады. Швед химик-минерологы, әрі металлургы А.Ф.Кронштедт 1751 жылы қызыл никель колчеданын зерттеу кезінде жасыл оксид бөліп алып, оксидті одан әрі тотықсыздандыру арқылы бұрын белгісіз жаңа металл алды. Ол элементті никель деп атады.
Қызыл никель колчеданы бастапқыда купферникель деп атаған. Бұл минерал туралы ел ішінде көптеген аңыздар да айтылады. Баяғы заманда Саксони тауын мекендейтін сайқымазақ гном кеншілерге мыс балқытыңдар деп тау басынан бір тас лақтырса керек. Ол тас мыс кеніне өте ұқсас екен. Кеншілер мыс аламыз деп қанша әуреленсе де тастан мыс та, басқа металл да ала алмапты. Содан барып бұл тасты "жалған мыс", "албасты басқан кен", "мыс албастысы", "мыс нике" деп әртүрлі атап кетіпті. Мыс кеніне ұқсас минералды адамзат ежелден біліп, жасыл шыны алуға пайдаланып келіпті. Кеншілер сол минералға ХVII ғасырда "купферникель – жалған мыс" деген ат беріпті деген де деректер бар.
Никельдің латынша аты – Nickolum, ол – периодтық системаның VIII тобындағы химиялық элемент; оның реттік нөмірі – 28, салыстырмалы атомдық массасы 58, 70. Табиғи никельдің тұрақты бес изотопы: 58Ni (67, 76%), 60Ni (26,16%), 61Ni (1,25%), 63Ni (3,66%), 64Ni (1,16%) бар. Сонымен қатар оның әр жылдарда алынған радиоактивті жасанды сегіз изотопы белгілі, олар: 54, 55, 56, 57, 59, 63, 65 және 66. Осылардың ішіндегі ең тұрақтысы – 59Ni, оның жартылай ыдырау ұзақтығы – 75 мың жыл, ал 54Ni мен 55Ni тек 5 минутқа жуық элемент қалпын сақтайды.
Никельдің жер қыртысындағы массалық үлесі – 0,008%. Никельді минералдар негізінен Батыс Қазақстанда, Оралда және Таймыр, Кола түбінде, ал шетелдерде – Канада (садбери), Оңтүстік Африка (инсизба), т.б. кездеседі.
Никель – күміс түсті ақ, иілгіш, созылғыш металл, оның балқу температурасы – 1453 градус, қайнау температурасы – 3000 градус. Шамасында, тығыздығы – 8900 кг/м2. Никель – ферромагнитті элемент, 358 градусқа дейінгі (Кюри нүктесі) температураға төзеді, қосылыстарында көбінесе 2 валентті, активтік қатарда сутегінен бұрын орналасқан, сұйық қышқылдардан сутегін ығыстырып шығарады, 500 градус оттегімен әрекеттеседі. Никельдің маңызды оксидтері – NiO(II) – іс жүзінде суда ерімейді. Никель қыздырғанда галогендерде жанып, суда ерімтал галогенидтер, ал азот, көміртегі, кремний және бормен әрекеттесіп, қатты ерітінділер түзеді. Никельдің күшті қышқылдарының тұздары суда ерімейді. Оның көптеген комплексті қосылыстары бар. Никельді көбінесе мыс-никельді күкірт кендерінен алады. Ол үшін бірнеше сатыдан тұратын пирометаллургиялық әдіспен никель сульфидін NiS бөліп алып,оны өрттеп, оксидке NiO айналдырады. Оксидті көмірмен тотықсыздандырып, электролиздік әдіспен басқа қоспалардан тазартады. Никельге темір қосу арқылы әртүрлі магнитті материалдар алынады, кейбір металдарды никельмен қаптап, коррозиядан қорғайды. Никель – тірі организм үшін де өте қажет микроэлементтердің бірі.
Н. Үсенова