Жер жүзіндегі қызықты дәмханалар

Әдетте кафелерде ыстық шәй ішіп, әңгіме-дүкен құрамыз. Әйтсе де, кейбір дәмханаларда тәтті тоқаштан ауыз тиіп қана қоймай, мысықпен ойнап, кір жууға да болады екен.

Жапония

«Шәй ішіп, мысықпен ойна!»

Жапонияның барлық дерлік қалаларында «Мысықтар кафесі» кеңінен танылуда. Оларды Cat Cafe немесе Neko Cafe деп атайды. Мұнда келген әрбір жан бірден өзін мысықтар әлеміне келгендей сезінеді. Әр кафе саны 40-тан асатын мысықтар жүреді. Олардың басым көпшілігі бұрындары иесіз қалған, қаңғыбас көше мысықтары болған.


Кафеге кіру бағасы сағатына 10 долларды құрайды. Сусындар мен ас-ауқат үшін жеке төленеді. Кафеге кірген бойда аяқ киімді шешіп, қолды жақсылап жуу керек.

Бұл кафеге келген жан мысықтармен ойнап, оларды сипап отыра алады. Сондай-ақ, оларға тамақ беріп, ұйықтатуға болады.

«Өзің мен өзгелер»


Жапонияның Касива қаласындағы Urban Design Center Kashiwa-no-ha аумағында Ogori cafe жұмыс істейді. Бұл кафенің өзгелерден ерекшелігі – келген қонаққа ол өзі таңдаған, өзге таңдаған тағамды ұсынады. Кафеге келген қонақ мәзірге көз жүгіртіп, қалаған тағамға тапсырыс береді. Алайда, оның тағамы өзіне емес, өзінен кейін келген өзге кісіге беріледі. Ал ол болса, өзінің алдында тапсырыс берген кісінің таңдауына қанағаттан етуі тиіс. Сәйкесінше, есеп шотты тапсырыс берген адам төлейді.

Амстердам қаласы, Голландия

«Балақайлардың ботқасынан ауыз тиіңіз»

Амстердам қаласындағы Kinderkookkafe деп аталатын дәмхана есігі кез келген жастағы кісілерге ашық. Бұл кафенің аспаздары мен даяшылары 13 жасқа дейінгі балақайлар. Олар үлкен кісілердің көмегімен ас пісіріп, келген қонақтарға қызмет көрсетеді.


Кафе 1981 жылдан бастап жұмыс істейді. Басты мақсаты - кішкентай балаларға ас пісіруді үйретіп қана қоймай, оларды еңбекке, өз ісіне жауаппен қарауға баулу.

Рига, Латвия

«Шарап жерқоймасы»


Рига қаласындағы Rozengr ls мейрамханасы өткен ғасырларға саяхат жасауға мүмкіндік береді. Бұрындары мейрамхана ғимаратында шарап жерқоймасы болған. Бұл күнде келген қонақтар талғамына қарай шарап таңдап, орта ғасыр сарбаздарының сауытын кие алады. Тарихтан сыр шертетін мейрамханаға бармас бұрын, алдын ала тапсырыс беріп қою керек.

Санкт-Петербург, Ресей

«Кір жуып, ас ішейік»


« 400 кір жуу» кафесі Ресейдің Солтүстік астанасындағы ең қызықты әрі танымал жер. Бұл кафеде жас ақындар, жазушылар, суретшілер мен студенттер жиналады. Әр түрлі тақырыптағы іс-шаралар өткізіліп тұрады. Көңілді сұхбаттар мен тәтті шәймен қатар, бұл жаққа келген қонақтар өздерімен бірге лас киімдерін ала келеді. Кафеге кірген бойда мәзірді алмас бұрын, келген қонақ өз заттарын кір жуатын машинаға салып қояды. Содан кейін өзгелермен әңгіме-дүкен құрып, тіпті, дойбы я шахмат ойнап, уақыт өткізе алады.

Суреттер:mary-bu.ru, cabel.name, bugaga.ru, rozengrals.lv