Жер бетінде өмір сүретін тіршілік иелері барлық жерде кездеседі. Яки тіршілік нышаны құзар биік шың мен тұңғиық мұхит түбінен де байқалады. Тіпті ол кішкентай микроб болса да. Кездеспейтін бір ғана жер бар екен. Оны ғалымдар жақында анықтап отыр.
Paris-Sud университетінің ғалымдары жуырда Эфиопиядағы Данакиль аңғарында тіршілік нышаны жоқ екенін анықтады. Ондағы су қоймаларынан микроб та табылмаған.
Зерттеуші мамандар айта кеткендей, жер бетіндегі тіршілік белгілері сол аймақтағы су құрамына қарай анықталады. Данакильде су болғанмен, онда тіршіліктің болуы мүмкін емес екен.
Данакиль аңғары Эфиопияның солтүстік-шығысында орналасқан. Жанында Даллол жанартауы бар. Ерекше ыстық аймақ. Қыстың өзінде +45 градус болатын құрғақ мекен. Дегенмен онда су бар. Тұзды ыстық бұлақтар қайнап жатады. Ал ол бұлақтарда тіршілік белгісі болуы мүмкін емес.
Жанартау аймағы айрықша табиғи пейзаж іспетті. Бір қарағанда Юпитер ғаламшарының серігі Ионы елестетеді.
1926 жылы болған жанартау атқылауынан кейін аймақта теңіз деңгейінен 48 метр жоғарыда ірі көл пайда болған. Түсінің өзі ерекше. Күлгін, сары, жасыл түстерімен көз тартады. Бірақ кәдуілгі суға ұқсамайды.
Биолог мамандардан құралған топ аймақтағы суды арнайы зерттеп, тіршілік нышаны жоқ екенін анықтады. Бұл – жер бетінде бірде-бір тіршілік белгісі байқалмаған алғашқы мекен. Аптап ыстық Атакама шөлінде де тіршілік иелері болмауы мүмкін, бірақ онда микробтар кездеседі.
Зерттеу мақаласы Nature Ecology and Evolution сайтында жарияланды.