ХХІ ғасырдағы әлемдегі халық саны бүкіл адамзат тарихындағы халық санынан асып кетті деген пікірді жиі естиміз. 2019 жылғы деректерге қарағанда, жер бетінде барлығы 7,7 млрд адам өмір сүруде. Демек, бұған дейін де жер бетінде 7 миллиардтан астам адам тіршілік кешті деген сөз ғой.
Алайда Вашингтондағы Халық саны жөніндегі анықтама бюро басшысы Карл Хаубтың айтуынша, Жер жаратылғаннан бері қазіргі кезге дейін барлығы 100 млрд адам тіршілік еткен. Бұл қазіргі халық санынан 10 есе артық.
Жер бетіндегі халық саны 2 ғасырдың өзінде 7 млрд адамға көбейіп кетті. Ғалымдардың болжауынша, 2050 жылға дейін жердегі халық саны 10 миллиардқа, ал 2100 жылға дейін 11 миллиардқа дейін жетуі мүмкін. Туу көрсеткіші өткен ғасырмен салыстырғанда азайғанның өзінде де халық саны азаймайды.
Жер бетіндегі халық саны 1315-1317 жылдан бастап жылдам көбейе бастаған. Ол кезде дүниеде 370 миллион адам болған. 1980 жылы ең көп адам – 139 млн адам дүниеге келген. Қазіргі уақытта, орташа есеппен, жыл сайын 135 млн адам дүниеге келеді.
Дүниежүзіндегі халықтың 60 пайызы Азия құрлығында шоғырланған. Бұл аймақта 4,5 млрд адам тіршілік етеді. Екінші орында Африка құрлығы тұр. Қара құрлықтағы халық саны – 1 млрд 300 млн адам. Қалған 2 миллиардқа жуық халық Еуропа мен Америкада, Аустралияда, мұхит аралдарында тіршілік кешіп жатыр.
Халық санының күрт өсуіне өндіріс пен медицинаның, ауыл шаруашылық саласының жолға қойылуы мен технологиялық дамуы көп әсер етті. Мәселен, 1730-1749 жылдары Лондонда дүниеге келген балалардың 75 пайызға жуығы ерте шетінеп кетсе, 1810 жылдары бұл көрсеткіш екі есе төмендеген. Яғни, медицинаның арқасында ағылшындар дүние келген балалардың өлімін екі есеге дейін азайтқан.